Жуалылық тұрғынның бақшасындағы бір түп алма 250 келі өнім береді

0 0

Алатау ауылының тұрғыны Дәурен Бозтайұлының ауласында 850 алма мен 20 алмұрт ағашы, одан бөлек, шабдалы, өрік, шие, жаңғақ ағаштары да жайқалып жемісін салып тұр. Бақ салу үшін бастапқыда ол 5 миллион теңге жұмсаған. Бір түп алма шамамен 250 килограмм жеміс береді. Ересек адамның қос жұдырығындай бір алма 700 граммға дейін салмақ тартқан, — деп жазады “ZhambylNews” AA.

Облыс тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсартуға бағытталған қанатқақты жоба жер жерде өз нәтижесін беруде. Жалпы ол жобаға енбеген елді мекендерде де үй іргесіндегі жер телімін тиімді пайдалану үрдісі қалыптасуда. Мәселен, Қызыларық ауылдық округіне қарасты Алатау ауылының тұрғыны Дәурен Бозтайұлы үй іргесіндегі екі гектарға жуық жер теліміне алма көшеттерін отырғызған. Бұл кәсіппен ол 15 жылдан бері айналысып келеді.

Бүгінгі таңда оның ауласында 850 алма мен 20 алмұрт ағашы, бұдан бөлек, шабдалы, өрік, шие, жаңғақ ағаштары да жайқалып жемісін салып тұр. Мұнда негізінен алманың «Голден делишес», «Айзерек», «Белый налив», «Семирянка» тағы басқа да сұрыптары бапталуды. Ал алмұрттың бес түрі бар. Қазір баудың 70 пайызы жеміс салып тұр.

— Кеңшарда жүргізуші болып жұмыс істеп жүргенімде, іссапармен Өзбекстанның Газалкент деген қаласына жиі баратынмын. Сонда олардың самсып тұрған жеміс бақтарын көріп таңғалатынмын. Оны-мұны сұрастырып, тіптен қолыма ілінген он-жиырма түп алма көшетін үйге алып келіп, аулаға отырғыздым. Алма бағын өсіруге деген қызығушылығым осы кезден басталды, — дейді ол.

Дәуреннің Газалкенттен әкелінген көшеттері кейін үлкен жеміс ағашына айналып, бір үйдің қажетіне жарапты. Кеңшар тарағаннан кейін 4-5 жыл жеке көлігіммен аудан және облыс орталығына жолаушылар тасымалдаған. Міне, содан кейін өзінің бау-бақша өсіруге деген әуестігін кәсіпке айналдырыпты.

Бақ салу үшін бастапқыда 5 миллион теңге жұмсап, Меркідегі тұқымбақтан алманың таулы өңірдің табиғатына оңай жерсінетін сұрыптарын әкеліп, отырғызған. Үй іргесінде бос жатқан тың жерді алдын ала дайындап, трактормен өңдеп алған. Ауылда ағын судан тапшылық жоқ. Көксай каналынан су келіп тұр.

Бір түп алма шамамен 250 килограмм жеміс береді. Ересек адамның қос жұдырығындай бір алма 700 грамға дейін салмақ тартқан кезі болыпты. Күзде өнімін жинауға үй-іші, бауырлары мен ағайын-туыстары көмектеседі. Жиналған өнім өз ауласындағы жертөледе сақталады. Негізгі бөлігін жинап алысымен аудан орталығына, Шымкент пен Тараз қалаларындағы базарға апарып өткереді. Бау басынан өздері теріп, буып-түйіп алып кететін тұрақты клиенттер де бар.

Дәуреннің алдына қойған жоспары мен мақсаты да бар. Ол – алма ағашының санын 1000 түпке дейін жеткізуді көздеп жүр. Бұл мақсатты орындау үшін жыл сайын Меркідегі тұқымбақтан 50-60 көшеттен әкеліп, отырғызуда. Одан қалса, әлсіз көшеттерді діңі жуан, күштілеріне телу арқылы сапасын арттыруда. Мұндай әдісті ол жас кезінде Алматыдағы аграрлық университеттің ғылыми-зерттеу институтында көріпті. Өзі ізденіп жүріп, сонда өткен екі апталық семинарға қатысып, тәжірибелі агрономдардан, биологтардан көп нәрсе үйреніпті. Сол білімі қазір кәдесіне жарап-ақ тұр.

Leave A Reply

Your email address will not be published.