Шу ауданының тұрғыны қаржылай қолдаудың арқасында кәсібін өрбітуде

0 1

Шу ауданының тұрғыны Біржан Айтқұлов «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан» «Егін шаруашылығын дамыту» несиелеу бағдарламасы бойынша несие рәсімдеп, көктемгі егін егу жұмыстарына қажетті арпа тұқымын сатып алған. Сатып алынған тұқым 400 га егіс алқабына себіліп, бүгінде өнім алу күтілуде, — деп жазады “ZhambylNews” AA.

Жер бедері жайлы, топырағы құнарлы, шөбі шүйгін қасиетті Шу өңірінде де ауыл шаруашылығы саласындағы озық тәжірибелерді басшылыққа алып, егін және мал өнімдерін өндіруде елеулі жетістіктерге қол жеткізіп жүрген шаруа қожалықтар аз емес. Шаруа қожалық жетекшісі Біржан Айтқұлов та алқаптан алынатын өнім өңірдегі жем-шөп тапшылығы кезінде мал шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлерге қысқы мал азығы қорын дайындауға көмек болып жатқандығын тілге тиек етті. Ал оның шаруасы шалқуына әрине, үкімет тарапынан көмек көрсетілуде.

Қазіргі кезде шаруашылығын өркендетемін деген кез келген азамат мемлекеттік бағдарламалар арқылы кәсібін дөңгелете алады. Мемлекеттен қолдау көріп, тіршілігін жасап отырған кәсіпкерліктің бірі осы — «Медеу» шаруа қожалығы.

Осыған байланысты «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ несие менеджері Н.Әлімбаев Қор арқылы егін шаруашылығымен айналысамын деген жеке кәсіпкерлерге «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Егін шаруашылығын дамыту» несиелеу бағдарламасымен 12 ай мерзімге 6 пайызбен, көпбалалы және аз қамтылған отбасы мүшелеріне 4 пайызбен 6 млн теңгеге дейін несие қаражатын алуға болатынын айтады. Сонымен қатар бағдарлама бойынша несие қаражатын 12 айдан кейін, яғни жиын-терін жұмыстары аяқталған соң төлеу мүмкіндігі қарастырылғаны да сөз етілген болатын.

Leave A Reply

Your email address will not be published.