Президенттік жастар резервіне құжаттарды қабылдау 1 қыркүйектен басталады

0 0

Президенттік жастар резервіне кандидаттардың құжаттарын қабылдау ағымдағы жылдың 1 қыркүйегінен бастап – 30 қыркүйегі аралығында pkrezerv.gov.kz цифрлық платформасында жүргізіледі. Бұл туралы бүгін ӨКҚ алаңында ҚР мемлекеттік қызмет істері Агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департамент басшысы Шәкір Сұлтанхан айтты, — деп жазады “ZhambylNews” AA.

Сондай-ақ, брифингтің екінші қонағы ретінде ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының Жамбыл облысы бойынша филиалының білім беру бағдарламаларын әзірлеу және ілгерілету кабинетінің меңгерушісі Асқарәлі Әбенов қатысып, тілшілерді толғандырған сауалдарға жауап берді.  Ол Президенттік жастар кадр резервіне екінші іріктеу жүргізілетінін, ол бойынша 50 адам Резервке алынатынына тоқталды.

«Резервке іріктеудің ең маңызды аспектілеріне тоқталайын. Әуелі, 35 жастан аспаған еліміздің азаматтары болуы қажет. Екіншіден, жоғары білімі болуы қажет. Жалпы жұмыс өтілі 5 жылдан кем емес болуы қажет. Қазіргі іріктеудің жаңалығы үміткерлерге мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін растау қажет болып табылады. Ол Ұлттық стандарттарға сәйкес орташа деңгейден (B1) деңгейінен төмен болмайтын сертификат», — деді Ш.Сұлтанхан.

Сабыр Түменбаевтың сөзінше, бұл да бір бәйге. Ал бәйге бар жерде бәсеке бар. Сондықтан бұл іріктеу кандидаттардың шынайы мотивтері мен олардың құндылық бағдарларын бағалауға бағытталған. Яғни, қоғамдық мүддені басшылыққа алатын жас таланттарды анықтауға баса назар аударылып отыр.

«Осыған байланысты, іріктеу кезеңдеріне ахуалдық міндеттерді шешу (эссе жазу және жобаны таныстыру орнына) және құрылымдалған мінез-құлық сұхбатын бағалаудың жаңа құралдары енгізіледі. Ситуациялық тапсырмаларды шешу сынағы да болады», — деді А.Әбенов.

Өз кезегінде, резерв іріктеуіне қатысуға Президент тағайындаған адамдар, саяси қызметшілер, «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілері, Президенттік жастар кадр резервіндегі адамдар жіберілмейді. Президенттік резервтен тағайындау саяси мемлекеттік лауазымдарға, «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына және «Б» корпусының басшы лауазымдарына көзделеді.

Шәкір Сұлтанхан резерв мерзімі 3 жылды құрайды деді.

— Бұл ретте Президенттік резервке қабылдау — резервте болу кезеңінде лауазымға міндетті түрде тағайындалу шарты болып табылмайтынын ерекше атап өту қажет, деп түйіндеді ол өз сөзін.

Leave A Reply

Your email address will not be published.