Аталмыш әдіс тамшылатып суғару технологиясы сынды суды үнемдеп қана қоймай, суғаруға кететін уақыт пен минералдық тыңайтқыштар мөлшерін төмендетуге де септігін тигізеді. Жаңбырлатып суғару үшін қосымша арық қазудың, жүздеген шақырым құбыр салудың қажеті жоқ. Сондай-ақ, бұл технологияны қолайсыз жер бедерлерінде де қолдануға болады, — деп жазады “ZhambylNews” АА «Ұлы дала ұстазы» халықаралық журналына сілтеме жасап.
Мәселенің анығын білмекке жуырда біз Қасық ауылдық округіне қарасты «Руслан» шаруа қожалығында болдық. Шаруашылық басшысы Анатолий Бражников «Атамекен-Тараз» шағын қаржы ұйымы арқылы мемлекеттік бағдарламаның арқасында жаңбырлатып суғару қондырғысына қол жеткізген. 6 миллион теңге тұратын қондырғы лизингіге алынып, жылдық мөлшерлемесі 6 пайыз болса, оның 50 пайызы мемлекет тарапынан субсидияланады екен.
Қазіргі таңда шаруашылықтың 40 гектар егістігінде жұмыстың қызған шағы. Мұнда түркиялық жоғары өнімді жаңа жүгері сұрыпы мен жоңышқа егілген. Жаңа технологияны қолданатын шаруа суғару маусымын ойдағыдай өткізіп, мол өнім алуды көздеп отыр.
Айта кетсек, шаруашылық 1998 жылы құрылып, бастапқыда алқапты ретке келтіруге бірталай уақыт кеткен. Ондағы он мыңнан астам ағаштың түбірі қазып алынғаннан кейін ғана егу жұмыстарын бастау мүмкін болған. Бұл жұмысқа техника жұмылдырылып, қомақты қаражат жұмсалған. Алқап тазаланғаннан кейін суғаруға байланысты қиындықтар туындады. Жер тегіс болмағандықтан бұл жұмысқа көп күш жұмсалып, талай уақыт кететін. КСРО кезінде партиялық жұмыста, кейін Тәуелсіздік жылдары мемлекеттік қызметте болған Анатолий Федорович 1986-1988 жылдары Қарақоңыз және Қақпатас су қоймалары құрылысының куәсі болған. Аталмыш нысандар ауданның су теңгерімін айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік берді. Анатолий Федорович бұл жұмысты бүгін де жалғастырып, көрші елден тәуелділікті төмендетуге мүмкіндік береді деп санайды.
— Аудандық басылым бетінен хабарламаны көріп, бұл мәселеге ден қойдым. Қажетті кеңес алып, барлығын есептеп, жаңбырлатып суғару қондырғысын сатып алуға бел будым. Бұл біздің тегіс емес алқаптарымызды суғаруды айтарлықтай жеңілдетіп, су үнемдеуге ықпал етеді. Шаруашылықтарға түгел машиналық суғаруға ауысу қажет, бұл – болашақтың көзі, — дейді Анатолий Бражников.
Сонымен қатар, шаруашылық саласын дамытуды қолдайтын шаруа кооперация процесін назарына алған. Бұл өндіріс тиімділігін көтеруге тамаша мүмкіндік. Дегенмен, тәжірибелі шаруа адамы кооперацияны ақылға салып жүргізу қажет деп санайды.