Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Шу ауданында

0 6

ZHAMBYLNEWS — Шу ауданы әкімдігінің мәжіліс залында Президент жолдауында айтылған міндеттерді түсіндіру үшін арнайы актив жиыны өтті. Бұл мақсатты жүзеге асыру үшін облыс әкімінің өкімімен арнайы ақпараттық түсіндіру тобы құрылған болатын. Ақпараттық топты облыс әкімінің орынбасары Алмас Мәдиев бастап барды.

— Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауы дамудың кең перспективаларын айқындап берді десек, ондағы міндеттерді жүзеге асыруға бәріміз жұмыла атсалысуға тиіспіз, — деді актив жиынында сөз алған топ жетекшісі Алмас Өскенбайұлы.

Бұдан кейін облыс әкімінің орынбасары өңірдегі бірқатар өндіріс орындарын аралады.

Алдымен «Компания A & T – Энерго» ЖШС-нің жұмыстарымен танысты. Мұнда қазіргі кезде өндірген электр қуатын «Жамбыл электр желілері» ЖШС-не және Қордай ауданына 1 КВт–14,50 теңгеден (ҚҚС-сыз) өткізуде.

Бұдан кейін ақпараттық топ «Элнур Адил Групп» ЖШС жай-күйін көрді. Қазіргі кезде аталған серіктестік макарон цехының құрал-жабдықтарын орнату жұмыстарын қолға алып, нысанның электржүйесін жүргізу жұмыстары 90%-ға аяқталған. Серіктестік басшыларының айтуынша, цех ағымдағы жылдың соңына дейін іске қосылады.

Сапар соңында Алмас Өскенбайұлы «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағында болды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.