Талас ауданындағы мекемелердің жылыту маусымына дайындығы тексерілді

0 16

Қазақстан Республикасы Президенті әкімшілігінің бас инспекторы Ғабидолла Оспанқұлов жұмыс сапарымен Талас ауданына барды. Ғабидолла Абдуллаұлы алдағы жылыту маусымына дайындық барысымен танысу үшін «Игілік» кәсіпорында болып, бұл бағытта аудандағы мекемелер тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарға назар аударды, — деп жазады “ZhambylNews” AA.

Жалпы, ауданда жеті спорт мекемесі жұмыс жасайды. Оладың үшеуі орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылса, екеуі табиғи газбен, қалған екеуі автономды қазандықпен жұмыс жасайды. Мәселен, қазіргі күнге Ақкөл ауылындағы №33 балалар-жасөспірімдер спорт мектебіне 80 тонна көмір жеткізілген. Бұл туралы аудан әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Шыңғыс Рысбек айтып берді.

Бұдан бөлек, білім бөліміне қарасты мекемелерде тиісті деңгейде жұмыстар жасалып жатыр. Ол жайында аудандық білім бөлімінің басшысы Мақсат Қазанғапов:

— Талас ауданында білім бөліміне қарасты 58 мекеме жұмыс жасайды. Қазіргі таңда аудандағы 37 мектептің жылыту қазандықтары «Игілік» мекемесінің теңгеріміне көшірілді. Қазір білім ошақтарының 70 пайызы тиісті отынмен қамтылды. Қалған 30 пайызы жақын күндері жеткізіледі, — деді.

Бөлім басшыларының бұл бағытта арқарып жатқан жұмыстарын тыңдаған Ғабидолла Оспанқұлов:

— Мектептердің жылу қазандықтары «Игілік» кәсіпорнының теңгеріміне өткізіліп жатыр. Мұндай өтпелі кезенде жұмысқа жауапкершілік танытуымыз керек. Бастысы, балаларымыз қыста жылусыз қалмасын,-деді.


Сондай-ақ, Президент əкімшілігінің бас инспекторы аудандық орталық аурухана мен оған қарасты мекемелердің, мəдениет нысандарының жəне «Игілік» кəсіпорнының жылыту маусымына дайындығына да көңіл аударды.

«Игілік» мекемесі директорының міндетін атқарушы Шәріпбек Оңалбаевтың айтуынша, мекеме қала тұрғындарын жылытумен қамтамасыз етуге толық дайын көрінеді. Кәсіпорынды күрделі жөндеуден өткізуге 62 млн. теңге бөлінген. Бүгінге дейін құбырлар ауыстырылып, жұмыстар толықтай аяқталған. Одан бөлек, мекеменің қаражаты есебінен 3,5 шақырым жылу құбыры жаңартылған.

Жұмыс сапары соңында атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын берген Ғабидолла Оспанқұлов аудан әкімі Қанатбек Мәдібек және сала басшыларының еңбектеріне сәттілік тіледі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.