Байзақ ауданыда «Парасатты отбасылар» анықталды

0 1

Отбасы құндылықтарын насихаттау, отбасы мүшелерінің арасындағы бауырмалдық, қайырымдылық, достық қарым-қатынасты қалыптастыру, заманауи жетістіктерге лайықты парасатты тұлғаны дамыту, парасатты, қайырымды оқушыны анықтау мақсатында Байзақ ауданында бастау алған байқау өз мәресіне жетті.

Іс-шара ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті және «Жамбыл – адалдық алаңы» жобалық кеңесінің бастамасымен Байзақ аудандық білім беру бөлімі мен аудандық «Балалар шығармашылығы және тәрбие орталығымен» ұйымдастырылды.

Бірінші мектепішілік байқауға 38 мектептен барлығы 767 отбасы қатысқан. Оның ішінен аудандық кезеңге 75 отбасы жолдама алған болатын. Аудандағы өнер, білім, денсаулық сақтау және кәсіпкерлік саласынан құрылған отбасылар қатысқан байқау шарты бойынша көрсетілген номинацияға сәйкес сапалы роликтер дайындап, өз отбасыларын жан-жақты таныта білген 13 отбасы үздік деп танылып, облыстық кезеңге жолдама алды.

Іс-шараға ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы Равиль Төлебаев, «Жамбыл – адалдық алаңы» жобалық кеңесінің жетекшісі Назима Жұбандықова, Байзақ ауданы әкімінің орынбасары Дәуір Даулетов, Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасының оқу-әдістемелік кабинеті басшысының орынбасары Бигелді Тәжібаев қатысты.

Байқау нәтижесінде Сабыровтар мен Сиязбайлар отбасы «Ең салауатты отбасы» номинациясын иеленсе, Мамырбаевтар, Дәулетбаевтар, Найзабековтар, Әбдімәлік және Қойшыбай отбасылары «Парасатты отбасы» атанды. «Өнерлі отбасы» номинациясына Рахметовтар және Дәуір отбасы лайық деп танылса, Сматовтар отбасы «Саяхатшы отбасы» номинациясына қол жеткізді. Ал, «Интеллектуалды отбасы» номинациясын Игіліковтер, «Оқырман отбасы» номинациясын Тұрсынбай отбасы, сондай-ақ «Жомарт отбасы» номинациясын Нағашбаевтар отбасы иеленді.

Конкурс нәтижесінде үздік атанған отбасылар аудан әкімдігі тарапынан алғыс хаттармен және бағалы сыйлықтармен марапаттады.
«Парасатты отбасы» конкурсының қорытынды облыстық кезеңі қазан айында өтетін болады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.