Тараздық жас кәсіпкер тың кәсіпке батыл қадам жасады

0 8

«Даму» қорының көмегімен жеке кәсіпкер Мұрат Бахадиров жүк тасымалы жүйесін қалыптастырып, мақсатына жетті.

Бүгінде экономиканың күре тамыры жүк тасымалы қарқынды дамып келеді. Оған ден қойған кәсіпкерлер де өңірімізде аз емес. Мәселен, жеке кəсіпкер Мұрат Бахадиров біраз жылдан бері өзі сияқты өзге кəсіпкерлерге жүк тасымалы қызметін көрсетумен айналысып келеді. Ол 2019 жылы GAZelle автокөлігін сатып, орнына тіркемесі (тоңазытқышы) бар Volvo жүк көлігін жалға ала бастаған еді. Бұл салада үш жылдан астам тәжірибесі бар ол бұл шаруаның да үдесінен шыға білді.

Ал өткен жылы Мұрат «Асия» атты өзінің жеке кəсібін ашып, жұмысын жаңа арнаға қарай бұрған болатын.

— Қазіргі таңда елімізде жүк тасымалы қызметіне жүгінетін кəсіпкерлер қатары артып келеді. Біз Қазақстан Республикасы Статистика агенттігінің мәліметіне сүйенетін болсақ, соңғы үш жылда Қазақстанда жүк тасымалы көлемі екі есеге артыпты. Бұл жүк нарығының оң динамикасын көрсетеді, — дейді ол.

Кәсіпкердің қызметін интернет сайттарда және жүк тасымалдаушылардың жалпы Whatsapp топтарында тапсырыстарын жариялайтын жеке компаниялар пайдаланады. Негізінен ол ел аумағында тамақ өнімдерін тасымалдаумен айналысуда.

Мұрат кəсібін кеңейту үшін бірнеше жүк тасымалдау көлігін сатып алуды жоспарлап жүрген болатын. Ол бұл жоспарын жүзеге асыру үшін өңірдегі «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының облыстық филиалына жүгінген еді.
Сөйтіп кəсіпкер «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасы аясында несие алды. Оның өтініші «Халық Банкі» АҚ-нда қолдау тапты.

— Алға қойған арманға жету үшін тынымсыз еңбек ету керек. Сол кезде ғана мақсатыңа жетесің. Бұл жоспарымды жүзеге асыруға, өз кəсібімді ашуға «Даму» қорының көп көмегі тигені белгілі. Осы қордың көмегімен жылдық мөлшері 6 пайыздық несиеге қол жеткізіп, кəсібімді бастап кеттім. Ісім алға басуда. Мақсатын алда жүк тасымалымен айналысатын кəсібімді үлкен кəсіпорынға айналдыру, — дейді Мұрат Құнанбайұлы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.