Ауыл шаруашылығы саласын субсидиялауға бөлінген 18,8 миллиард теңгенің 14,2 миллиард теңгесі аймақтағы 10 мыңнан аса ауыл шаруашылығы тауарөндірушілеріне берілген. Бүгінгі таңда бұл қаражаттың 75,5 пайызы игеріліп, өнім көлемі артқан , — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Биыл облыстың ауыл шаруашылығы саласын дамытуға 25,9 миллиард теңге бөлінді. Оның 13,7 миллиард теңгесі республикалық, 9,8 миллиард теңгесі облыстық бюджеттен қаралған. Мұның ішінде, бюджеттік кредит және трансферттерге – 6 миллион теңге, субсидияларға – 18,8 миллиард теңге бағытталған.
Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқамасының басшысы Қайрат Амановтың айтуынша, ауыл шаруашылығы саласын субсидиялауға бөлінген 18,8 миллиард теңгенің 14,2 миллиард теңгесі аймақтағы 10 мыңнан аса ауыл шаруашылығы тауарөндірушілеріне берілген. Бүгінгі таңда бұл қаражаттың 75,5 пайызы игерілген.
— Осының нәтижесінде қаңтар-қыркүйек айының қорытындысымен жалпы ауыл шаруашылығы өнімі көлемі 309 миллиард теңгені құраған (2020 жылғы 9 айда 272,3 млрд. теңге) Оның ішінде, өсімдік шаруашылығында – 193,4, мал шаруашылығында – 116,1 миллиард теңгенің өнімі өндірілген. Ал ауыл шаруашылығының негізгі капиталына салынған инвестиция көлемі ағымдағы жылдың III-тоқсан қорытындысымен 22,6 миллиард теңгені құрап, (2020 жылғы 9 айда 22,5 млрд. теңге) өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 100,4 пайызға артқан. Сол сияқты, тамақ өнімдері өндірісінің негізгі капиталына салынған инвестиция көлемі III-тоқсан қорытындысымен 152,6 пайызға жоғарылап, 2,8 миллиард теңгені құрап отыр (2020 жылғы 9 айда 1,8 млрд теңге) – дейді басқарма басшысы Қайрат Аманов.