Жамбыл облысы кәсіпкерлері несиеге жылқы алып, ет және ұлттық сусын өндірісін дамытпақ ниетте. Соңғы уақытта жылқы етіне, ұлттық сусынымыз – қымыз бен саумалға сұраныс артып келеді. Осы кәсіпті дамытқысы келген Пернебек Дәулетбаев 4 миллион теңге несие алып, сегіз бас жылқы сатып алып отыр , — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Өткен тоғыз айда облыстағы мал басы 4,5 пайызға артып 4 миллион басты құрады. Соның ішінде жылқы басы 152,6 мың басқа жетіп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 5,2 пайызға жоғарылаған.
Соның ішінде «Сыбаға», басқа да бағдарламаларының шарапатын көріп, шаруасын жолға қойып отырғандардың бірі – Жамбыл ауданы Тастөбе ауылының тұрғыны Пернебек Дәулетбаев. Ол «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамының облысы филиалы арқылы алты пайыздық жеңілдікпен 4 миллион теңге несие алып, сегіз бас жылқы сатып алған еді.
Соңғы уақытта жылқы етіне, ұлттық сусынымыз – қымыз бен саумалға сұраныс артқаны белгілі. Бұл – өз кезегінде жылқының бабын тауып, сары қымызын сапырып отырған азаматтар үшін кіріс көзіне айналған.
— Көптен бергі арманым кәсіпкерлікпен айналысып, табыс табу еді. Мемлекеттік бағдарламаның арқасында сол арманым орындалып келеді. Көмектесіп, қолдау көрсеткен облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы мен облыстық кәсіпкерлік палатасының мамандарына, қордың облыстық филиалы қызметкерлеріне алғысым шексіз, – дейді ол.
Пернебектің ендігі мақсаты – малының басын көбейтіп, жылқы бордақылаумен айналысу. Ол бұл қаржыны акционерлік қоғам арқылы 6 пайыздық жеңілдікпен алыпты. Кәсіпкерге тиімді тұсы бір жылдық жеңілдігі. Бұл кезе төлінен көбейтіп, бордақымен айналдырып, шығынымды жабамын деген сенімде кәсіпкер.