Тараз қаласындағы «Ауыл-Береке» базары маңында, Байзақ пен Шу аудандарында көтерме-тауар орталығы құрылысы басталып, құрылыс жұмыстарын алдағы жылы аяқтау жоспарлануда , — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Биыл облысымызда жалпы сыйымдылығы 13 мың тоннаны құрайтын 3 қойма іске қосылса, 74,5 мың тонна өнімді сақтауға қауқарлы 5 қойманың құрылысы жалғасуда. Сондай-ақ 3 көтерме-сауда орталығының құрылысын 2022 жылы аяқтап, пайдалануға беру жоспарлануда.
Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Амановтың айтуынша, қазіргі таңда «Ауыл-Береке» базары маңында, Байзақ пен Шу аудандарында қоймалар құрылысы басталған.
— Темір жол тұйығы бар «Ауыл-Береке» базары маңындағы «Тараз» көтерме-тарату орталығынан сыйымдылығы 55 мың тоннаны құрайтын қойма салу үшін 5 гектар жер телімі бөлінген болатын. Жоба құны 450 миллион теңгені құрайды. Бірінші кезеңде, 2000 шаршыметрді құрайтын 7 камералық қойма салынды. Қазіргі таңда, «Тараз» КТО-ң 5 мың тонналық көкөніс қоймасы жұмыс істеп тұр. 1000 тонна картоп сақтау үшін диқандарымен келісім-шарт жасалуда, — дейді басқарма басшысы.
Бұдан бөлек, осы сияқты Байзақ ауданында «Жамбыл» көтерме-тарату орталығы салынуда. Көтерме-тарату орталығында темір жол тұйығы, кіші трансформатор стансасы (100 кВт), мұздатқыш қоймалар, әкімшілік және асхана, технологиялық (ветеринариялық, санитариялық және фитосанитариялық бақылауды жүзеге асыру бөлмелері) ғимараттары бар және қажетті инфрақұрылымы тартылған. Сонымен қатар, крос-докинг ғимараты салынып, мотаждау жұмыстары жүргізілуде.Көкөніс сақтау қоймасына құрал жабтықтар алу үшін 135 миллион теңге «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ арқылы беріліпті.
Тағы бір атап өтерлігі, Шу ауданы Бірлікүстем ауылдық округі Бірлікүстем-Қонаев тасжолы бойынан жеке кәсіпкер О.Барлыбаев өз қаражатынан 30 мың тонналық көтерме-тарату орталығының құрылысын жүргізуде. Кәсіпкер оны 2022 жылы іске қоспақ ниетте.