Жамбылда «Қоймадан-сөреге» жобасы қолға алынды

0 15

Жамбылда әлеуметтік тауарлар бағасын негізсіз көтермеу үшін «Қоймадан-сөреге» жобасы қолға алынды. Жамбыл ауданында ауылшаруашылығы тауар өндірушілері өз өнімдерін енді тек жергілікті жұртшылыққа саудалайды. Аудан әкімі Сәкен Арубаевтың бұл ұсынысын ірі сауда орталықтары мен азық-түлік дүкендері иелері де қолдап отыр , — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.

Жамбыл ауданында ауылшаруашылығы өнімдерін сақтауға арналған 43,1 мың шаршы метрді құрайтын 112 көкөніс қоймасы бар. Онда 33 789 тонна тауарды сақтауға болады. Бақша дақылдарын егетін диқаншылар мен жеміс-жидек өсіретін бағбандардың басым көпшілігінің өнімі осы қоймаларда. Енді әлеуметтік тауар бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу үшін «Қоймадан-сөреге» жобасы қолға алынбақшы. Бұл кәсіпкерлердің өз өнімдерін делдалсыз өткеріп, бағаның тұрақтануына ықпал етеді деп күтілуде.

Азық-түлік тауарларының бағасы жыл басынан бастап салыстырғанда 15 пайызға өскені зерделеу кезінде анықталды. Алдыңғы жылдары маусымдық кезеңдерде бағаның өсуі белең алып, қайта тұрақталатын. Ал бүгінде жағдай расымен бөлек. Тұрғындардың шағымданатындайы бар. Бұл тығырықтан біржола шығудың тетіктерін саралап, ортақ байламға келдік деп ойлаймын. Бұл үшін «Қоймадан — сөреге» жобасын қолға алмақшымыз. Ашығын айтқанда арзан өнімді делдалдар арқылы қымбат бағада тұтынып жүрміз. Ал өңірдегі ірі шаруа қожалықтары өзінің еккен өнімін шекара асырып экспорттап жүр. Базардағы баға егін басынан алған бағадан әжептеуір қымбатқа түсетінін кәсіпкерлер жақсы біледі. Біз араға делдалды араластырмай, өнімді өз бағасына сатып алу үшін жобаның септігі тиеді,дейді аудан әкімі Сәкен Арубаев.

Аудан әкімі бұл жобаны тиімді жүзеге асыру үшін сауда орталықтары мен кәсіпкерлердің, ауылшаруашылығы өнімін өндірушілердің ауызбіршілігі, ынтымағы маңызды екенін атап өтті. Алдағы уақытта қойма иелерімен, шаруа қожалық төрағаларымен басқосулар ұйымдастырылып, түсіндіру жұмыстары жүргізілмек. Әкімдік тарапынан тауарларды тасымалдау, жеткізу мәселесі ұйымдастырылатын болады.

Аудан басшысының бұл ұсынысы кәсіпкерлердің кеңінен қолдауына ұласты.

Өз кезегінде сөз алған аудан әкімдігі кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Бауыржан Төлендиев алдағы уақытта жобаны түсіндіру үшін кеңестер өткізілетінін, кәсіпкерлерді барынша ақпарттандыру жұмыстары жүргізілетінін жеткізді.

Жобаның мақсаты — айқын. Яғни аудан өнімі өз бағасымен өңірге жеткізілсе, бағаның тұрақталатыны белгілі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.