Келесі жылы Мойынқұмдықтарға ауыз су тәулік бойы беріледі

0 7

Мойынқұм ауданындағы 24 елді мекеннің 17-сі ауыз су жүйесімен қамтылған. Алайда, ауыз суға қол жеткізген ауылдардың өзінде ішінара қиындықтар кездеседі. Бұл туралы ӨКҚ баспасөз брифингінде аудан әкімі Әлихан Балқыбеков журналистер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беру барысында айтты , — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.

Мәселен, Мойынқұм ауылының өзінде су құбыры желісі әбден ескірген. Қазіргі кезде бюджеттен бөлінген 76 млн теңге қаражатқа құбырлар жаңартылу үстінде.

«Осы уақытқа дейін аудан орталығында ауыз су белгілі бір уақытпен ғана беріліп келген. Келесі жылы осы проблеманы шешу ниетіміз бар, тұрғындарға ауыз су тәулік бойы қол жетімді болуы керек. Одан бөлек, Ақсүйек ауылын ауыз су желісімен қамту жұмыстарының құжаттары әзір тұр, қаражат қаралса, шаруаны бастай береміз. Ақбақай, Көкжелек, Хантау ауылдарын да ауыз сумен қамту шараларының жобалық-сметалық құжаттамалары дайындалуда», — деді Әлихан Әбіләшұлы.

Ол Бейбітшілік, Қияқты ауылдарында да осы бағытта проблема бар екенін жеткізді. Десе де, олар жергілікті биліктің бақылауында тұр. Кезең-кезеңімен шешімін табатын болады.

Спикер аудандағы көмір тапшылығына қатысты сауалдарға да жауап берді. Оның сөзіне қарағанда, қазіргі таңда әлеуметтік нысандар қатты отынмен қамтылуда. Бірақ тұрғындар көмір жетіспеушілігін сезініп жатқаны рас. Шұбаркөл көмірін Шу ауданынан жеткізу мәселесі қиынға соғып жатыр. Бүгінде Мойынқұм ауданы аумағынан Құлан көмірі өндіріліп жатыр. Келесі аптадан бастап аса мұқтаж отбасыларына 4-5 тоннаның шамасында үлестірілмек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.