Жемқорлық деректерін алдын алудың маңыздылығы жоғары

0 11

Елімізде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оған жол бермеу жұмыстары үздіксіз жүргізіліп келеді.

Осы орайда, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі тарапынан «Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасы» жобасы ұсынылып, түрлі алаңдарда талқылау жұмыстары жүргізілуде. Алты бөліктен тұратын тұжырымдама жобасы қоғамды парасатты мінез-құлыққа ынталандыру, жемқорлық мүмкіндіктерін жою мен оған қарсы іс-қимылға азаматтық қоғамды тартуға бағытталған.

Бұдан бөлек, жемқорлыққа қарсы саясат тиімділігінің мониторингі мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет сияқты мәселелерді қамтыған. Тұжырымдама жобасын қоғамда кеңінен талқылау азаматтық белсенділікті арттырып, еліміздегі жағдайларға бей-жай қарамайтын белсенділер қатарын арттыратыны сөзсіз.

Сондай-ақ, қоғамда сыбайлас жемқорлыққа мүлдем төзбеушілікті қалыптастыру және еңбек ұжымдары арасында жемқорлық көріністеріне жол бермеу мақсатында алдын алу жұмыстарын жүйелі жүргізіп жатқан Департамент комплаенс қызметінің маңыздылығы туралы кең көлемде түсіндіру жұмыстарымен де айналысып келеді.

2020 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заң­на­малық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қар­сы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойған болатын. Заңға сәйкес, квазимемлекеттік секторда сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс қызметі институтын енгізу қажет.

Қазіргі таңда, Маңғыстау облысының 101 квазимемлекеттік сектор субъектісінде адалдық стандарттарының сақталуына бақылау жасайтын комплаенс қызметтері ашылған. Айта кетейік, комплаенс қызметі туралы облыс көлемінде түрлі салаға қатысты комплаенс мамандарының қатысуымен қызметтің артықшылықтары түсіндіріліп, кең көлемде семинарлар тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Комплаенс қызметкерлер жұмыс орнындағы жемқорлық тәуекелдерін анықтап, ішкі бақылауды жүргізеді. Әлемдік озық тәжірибеге негізделген бұл қызметті, сыбайлас жемқорлықпен күрестегі — тиімді тетіктердің бірі деп есептейміз.

Сондай-ақ, еліміздің болашағы деп қарайтын жастар арасында сыбайлас жемқорлыққа мүлдем төзбеушілікті қалыптастыру аса маңызды. Осы орайда, жастар арасында адалдық пен әділдікті насихаттау мақсатында өмірі мен қызметінде жетістікке жеткен тұлғалардың қатысуымен TedX форматта кездесулер, кең көлемде слет пен семинарлар өтуде.

Бұдан бөлек, студенттерге өмір асуларының кірпіші бүгіннен қаланатындығы туралы мысалдар арқылы түсіндіріліп, жемқорлықтың себебі мен салдары ғибратты әңгімелер мен әлеуметтік бейнероликтер арқылы жеткізіледі.  Айта кету керек, «Маңғыстау – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі мен Департамент жанынан құрылған Ақпараттық-ағартушылық штаб алаңында өскелең ұрпақты отансүйгіштік пен адалдыққа тәрбиелеу жұмыстары шеңберінде келелі кездесулер мен түрлі сайыстар жиі ұйымдастырылады.

Мемлекет тарапынан жүргізілген жұмыстардың жүйелі әрі нәтижелі болуы – ел азаматтарының белсенділігі мен жанашырлығына байланысты. Сондықтан біз әділдік құндылығын алдыңғы орынға қойып, адал қызмет етуіміз керек деп есептеймін.

 

БОЛАТ ЖЫЛҚЫБАЕВ,

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің

Маңғыстау облысы бойынша

департаментінің басшысы

Leave A Reply

Your email address will not be published.