Байзақ ауданының аумағында орналасқан 43 елді мекенді таза ауыз сумен қамту бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылу үстінде. Айталық, өткен жылы Қостөбе, Сеңкібай, Талас, Жаңатұрмыс сияқты 4 ауылға ауыз су құбыры тартылып, тұрғындары қуанышқа кенелген болатын. Бұл игілікпен қамтылған елді мекендердің санын 24-ке немесе 55,8 пайызға жеткізді. Ал халық санына шаққанда 57 470 адам немесе тұрғындардың 52,8 пайызы таза су ішіп отыр — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Аудан әкімі Бақыт Қазанбасов биыл Сарыкемер, Көкбастау, Үлгілі, Базарбай және Байзақ елді мекендерінің тұрғындары таза ауыз суға қол жеткізетінін айтты. Бұл шаруа игіліктің шапағатын сезінген ауылдардың үлесін 74,4 пайызға ұлғайтады екен. Демек, тұрғындардың 94 115-і, яғни 87,7 пайызы таза ауыз су ішеді.
«Келесі жылы да осы бағытта ауқымды шараларды жоспарла отырмыз. Нақтылай айтқанда, 2022 жылы 9 елді мекеннің тұрғындары таза ауыз сумен қамтылатын болады. Сол кезде ауыз су құбыры тартылған ауылдардың саны 39-ға жететін болса, пайыздық көрсеткішіміз 90,6-ны құрайды. Ал халық санымен есептегенде 104 218 адам мемлекеттік бағдарламаның шапағатын сезінетін болса, бұл тұрғындардың 95,8 пайызын көрсетеді», – деді Бақыт Алпысбайұлы.
Жауапты мамандардың сөзіне қарағанда, Байзақ ауданында 2023 жылы 5 елді мекенге таза ауыз су желісі тартылады екен. Сонда барлық 43 ауыл ауыз суға қол жеткізетін болса, 108 787 тұрғын да толықтай таза ауыз су ішетін болады.
Айта кетерлігі, аудан аумағында орналасқан, халық саны жағынан аз қоныстанған 3 елді мекенге – Қайнар, Төрткөл, Жаңасаз ауылдарына облыс әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы тарапынан суды тазартудың кешенді блок модульін орнату жұмыстары жоспарланған. Бұл өз кезегінде жүзеге асады.