Талас ауданы, Қаратау қаласы, «Ұлбике ақын» атындағы мәдениет орталығында ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің мерекесі салтанатты түрде аталып өтті , — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне арналған іс-шара ауыл шаруашылық техникаларының көрмесінен бастау алды. Мәдениет орталығының алдына жер жыртып, алқапты игеруге қажетті жаңа техникалар және әмбебап тұқым себетін құралдар мен пресс – жинаушы техникалар қойылды.
Одан бөлек, мерекелік іс — шарада 2021 жылы ауданымыздың ауылшаруашылығы саласында атқарылған жұмыстары туралы бейнеролик көрермен назарына ұсынылды.
Мерейлі мерекенің басын аудан әкімі Қанатбек Мәдібек мерекелік құттықтау сөзімен бастады. Аудан басшысы Қазақстан Республикасының экономикасында ауыл шаруашылығы маңызды рөл атқаратынын және егіс алқаптарының көлемін ұлғайтып, мал басын асылдандыру бұл Талас ауданы шаруаларының алдында тұрған басты міндет екендігін атап өтті. Ауыл шаруашылығы саласының қызметкерлерін төл мерекелерімен құттықтай отырып, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.
Жиында саланың дамуына үлес қосқан азаматтарға облыс, аудан әкімінің «Құрмет грамоталары» мен «Алғыс хаттары» табысталды.
Салтанатты шараның соңы Талас және Сарысу аудандары өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен жалғасты.