Мойынқұм ауданының әкімі Әлихан Балқыбеков және аудан әкімінің орынбасары Ержан Әмірханов жұмыс барысымен аудан орталығынан шалғай жатқан өндірістік аймақтағы Ақбақай, Мирный ауылдарында болып, елді мекендердің тыныс тіршілігімен танысты , — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА.
Алдымен Ақбақай ауылына табан тіреген аудан басшысы әлеуметтік нысандарды аралап, ауылдық әкімшілік пен кітапхана қызметімен танысып, мектептер мен балабақшалардың және Ақбақай медициналық тірегінің жылыту жүйелерін зерделеді. Сондай-ақ «Алтыналмас» АҚ Ақбақай филиалының әкімшілігімен кездесіп, жергілікті жердегі азаматтарды жұмысқа қабылдау мәселесін талқылады.
Зауыт директоры Айдар Қожахметов ауыл әкімі Жандос Садуовпен бірлесіп осы бағыттағы жұмыстарды жүргізіп жатқанын тілге тиек етті.Сонымен қатар жыл басынан бері жұмысшылардың айлық жалақыларын 30 пайызға өсіргенін айтып, орташа жалақы 312 мың болғанына тоқталды. Ал жергілікті тұрғындарды жұмысқа қабылдау мәселесі кезең-кезеңімен шеілетінін жеткізді. Жиында бұдан басқа да мәселелер қаралып, нақты шешімдер шығарылды. Кездесуде аудан әкімі Әлихан Балқыбеков зауыт директоры Айдар Қожахметовті Жазылбек Қуанышбаевтің 125 жылдық төс белгісімен мараптап, сыйлығын тарту етті.
Сапар барысында Әлихан Әбіләшұлы ауыл тұрғындарымен кездесіп,ұсыныс-тілектерін тыңдады.
– Мақсатым – ауылдың тыныс-тіршілігімен етене танысу. Өздеріңізбен ашық сұқбаттасып, пікірлеріңізді білу. Біздің тарапымызға келсек, тұрғындарға тиісінше қолдағы бар көмекті көрсету, – деді аудан әкімі Әлихан Әбіләшұлы.
Кездесуде ауыл тұрғындары М.Тынышбеков, С.Кулбаев, А.Дүйсеновалар жұмыссыздық, азық-түлік бағысының тұрақтылығы, ауыл тұрғындарының ауылдан көшіп, кетіп жатқандығын жеткізді. Сондай-ақ «Алтыналмас» АҚ Ақбақай филиалына жұмысқа кіргізу мәселерін көтерді. Көтерілген мәселелерге байланысты аудан әкімі Әлихан балқыбеков нақты жауап беріп, тиісті заңдылықтарға сай шешілетінін жеткізді.
Бұдан әрі жұмыс сапарын аудан әкімі Әлихан Әбіләшұлы Мирный, Хантау, бірлік ауылдарындағы мектеп, балабақшалардың жылыту жүйелерін көріп, көмірдің түсуіне де ден қойды. Ауылдық округ әкімдеріне нақты тапсырмалар берді.