Жамбыл облысының аумағында жол-көлік оқиғаларының санын азайту, сондай-ақ жол қозғалысы ережелерін бұзудың алдын алу мақсатында мас жүргізушілерді анықтау бойынша жергілікті жұмыстар жүргізілуде , — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА.
Жыл басынан бері полицейлер көлікті мас күйінде басқарудың 79 дерегін тіркеді. Осы санаттағы құқық бұзушылардың жалпы санынан 2 жүргізуші жол-көлік оқиғасын жасаған, 10 адам мас күйінде көлік жүргізген.
Мысалы, ағымдағы жылдың 25 ақпанында түнгі сағат 01:30 шамасында Қаратау қаласының Ә.Молдағұлова көшесінде жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін 33 жастағы жергілікті тұрғынның басқаруындағы «Ауди-100» маркалы көлік тоқтатылды. Тексеру барысында патрульдік полиция батальонының қызметкерлері жүргізушінің бұрын сот үкімімен көлік құралын басқару құқығынан айырылғанын, бірақ соған қарамастан мас күйінде көлікті басқарғанын анықтады.
Аталған дерекке қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 346-бабы 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Автокөлік айып тұрағына қойылды.
Аталған қылмысты жасағаны үшін бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу немесе белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, сол мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жауапкершілік көзделген.
Жамбыл облысының Полиция департаменті азаматтарды жол жүру ережелерін мүлтіксіз сақтауды, мас күйінде көлік жүргізбеуге, жылдамдықты асырмауды және жолдың қарсы жолағына шықпауды ескертеді.
Есіңізде болсын, Сіздің өміріңіз ғана емес, сонымен қатар жолаушылар мен жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігі де жол қозғалысы ережелерін сақтауға байланысты!