Саудакент саз мектебіне Ы.Дүкенұлының аты ресми қайта берілді — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА.
Саудакент балалар саз мектебіне осы өңірден шыққан күйші Ықылас Дүкенұлының атын ресми түрде қайта беру ҚР Үкіметінің арнайы бекітілген Қаулысына сай жүзеге асырылды. Білім ошағының ашылғанына биыл 50 жыл толып отыр. Осыған орай, мектепте ардагер ұстаздар мен шәкірттер бас қосты.
Жиынға аудан әкімі Марат Сұлтанғалиев бастаған жауапты сала басшылары мен аудандық ардагерлер кеңесінің мүшелері қатысты. Жиынға қатысушылар мектептің ауласында орналасқан Ықылас Дүкенұлының еңселі ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, өнер ордасының материалдық-техникалық базасымен танысты. Салтанатты іс-шара Саудакент мәдениет үйінде саз мектебінің үздік шәкірттерінен құралған оркестрдің «Күй-құдірет, күй-кие!» атты мерейтойлық концертіне ұласты.
Білім саласының дамуына қосқан зор үлесі мен үздік жетістіктері үшін бірқатар мектеп ұстаздары Құрмет грамотасымен марапатталды.