Жамбыл облысының туризм саласында 5 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда

0 24

Өткен жылы өңірге 128 мыңға жуық турист келген. Былтыр өңірге 127 162 адам туристік сапармен келіп, бұл көрсеткіш арғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 134,6%-ға артып отыр. Облысқа келушілердің 1 386-сы шетелдік турист болса, қалған 125 776-сы еліміздің басқа өңірлерінен келген туристер. Сондай-ақ , келушілер легін арттыру үшін туризм саласы бойынша 2022-2023 жылдары, жалпы соммасы 12,035 млрд. теңгені құрайтын 5 инвестициялық жоба жүзеге асырылады деп жоспарлануда. Бұл туралы ӨКҚ баспасөз брифингінде Жамбыл облысы әкімдігі туризм басқармасының басшысы Жалғас Мұртаза Әлижанұлы айтты , —  деп хабарлайды «ZhambylNews» АА.

Мемлекет басшысы туристік форумда креативті және инновациялық шешімдердің көмегімен Қазақстанның туристік әлеуетінің ақпараттық қолжетімділігін тиісті деңгейде қамтамасыз ету керектігін жеткізген еді. Бұл бағытта аймақта 45 жаңа туристік маршруттар әзірленіп, туристік өнімдердің саны 115-ті құрап отыр. Өңірдегі орналастыру орындарымен келушілерге 1,5 млрд. теңге сомасына қызмет көрсетілген.

Спикердің айтуынша облыс аумағындағы негізгі туристік нысандар саны 2019 жылы 37 болған болса, қазір 65-ке ұлғайды. Ал туристік жобаларды іске асыру нәтижесінде тарихы терең шаһарға келушілердің де саны артпақ. Сонымен қатар өңір тұрғындарының жұмыспен қамтылуына да септігін тигізетін болады. 260 жаңа жұмыс орындары ашылады деп күтілуде. Атап айтқанда, «Қаралма» тау-шаңғы кешені, «Тектұрмас» этно-тарихи кешенінің 3 кезеңі, «Көксай» туристік демалыс орталығы, «Ақ жол» этно-туристік кешені, «Таскөл» демалыс орталығы.

«Жуалыдағы «Қаралма» тау-шаңғы кешенінің екінші кезеңінің құрылысын аяқтау» жобасының жалпы құны — 6,3 млрд. теңге. Бүгінгі таңда жобаның бастамашысы – «Таразстрой-2004» ЖШС тарапынан 4,3 млрд. теңге жеке қаражаты жұмсалып, кешенге қажетті барлық инфрақұрылымдар тартылуда. Инвестормен арқан-кресло жолының, кіреберіс және ішкі алаң жолдарының, техникалық бокстың, кафенің, сервистік орталықтың құрылысы және абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, құрылыстың шамамен 80%-ы аяқталды. Бизнесті қолдау мақсатында, мемлекет тарапынан жобаға 542,6 млн теңге көлемінде қосымша қаржы бөлінді. Жобаның жүзеге асырылу мерзімі 2023 жылдың желтоқсан айы», — деді спикер.

Leave A Reply

Your email address will not be published.