Жыл аяғына дейін Жамбыл ауданындағы 9 ауылдың тұрғындары көгілдір отынға қол жеткізеді. Қазір газ құбырларын тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр, — деп жазады «ZhambylNews» АА.
Аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлы 9 елді мекенді көгілдір отынмен қамтитын орталық магистралдағы газ тарту жұмыстарының барысын көрді.
Осыған дейін ауданға қарасты Рахат, Ащыбұлақ, Шайдана, Еңбек, Тастөбе, Көлқайнар, Өрнек, Жұма, Ерназардағы ауылішілік көшелер қазылып, құбыры тартылып, әр аулаға тетіктер орнатылған болатын. Қазір орталық магистралдағы газ құбырының жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ол толық аяқталғаннан соң, бір мезетте 9 ауылға көгілдір отын беріледі.
Құрылыс жұмыстарын көрген Ерлан Қыдыралыұлы:
— Биыл тұрғындар көптен күткен табиғи отынды пайдаланады. Бүгінде орталықтағы газ құбырларын ауыстыруға республикалық бюджеттен 660 млн теңге жуық қаражат бөлінген. Дегенмен ауыл азаматтарына қайырылатын өтінішім бар. Өңіріміздегі 9 елді мекеннің тұрғындары ауласына жеткізілген газ құбырын үй іргесіне өздері тартып, ошақ, мұржасын туралай беруі керек. Ауылдар газ берілген жағдайда толықтай қосылуға мүмкіндік алғаны жөн. Осы мәселені ауыл әкімдері тағы да бір пысықтап, жұртшылыққа жеткізуі қажет. Ауылдар қатты отынның қамына емес, табиғи газдың қарекетіне кіріскені дұрыс, — деген Ерлан Қыдыралыұлы салалық орынбасары Нұрлан Несіпбековке тапсырмалар жүктеді.