Биыл Жамбыл облысында 17,5 млрд. теңгеге 9 жоба іске асырылатын болады. Оның ішінде Байзақ ауданында — 1 құс шаруашылығын дамыту, Жуалы ауданында — 1 сүт өнімін қайта өңдеу, Тараз қаласында — 1 кондитерлік өнімдер, Шу ауданында — 1 макарон өнімдері, Қордай, Меркі, Шу аудандары мен Тараз қаласында — 4 көкөніс сақтау қоймасы, Меркі ауданында — 1 су үнемдеу технологиясын енгізу сынды жобалар іске қосылып, 129 тұрақты жұмыс орнын құрылады, — деп жазады «ZhambylNews» АА.
Бүгінгі күні инвесторлардың қаражаттары есебінен 1,5 млрд. теңгені құрайтын 3 жоба жүзеге асырылып, 100 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
«Бұл жобалар яғни, 2 көкөніс сақтау қоймасы Меркі, Шу аудандарында және 1 кондитерлік цех Тараз қаласында іске қосылды. Қалған 6 жоба бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда. Сонымен қатар, 2023 жылы — 97,5 млрд теңгеге 8 жоба, 2024 жылы — 203,6 млрд теңгеге 6 жоба, 2025 жылы — 2,2 млрд теңгеге 2 жобаны іске қосу көзделген. Жалпы 2025 жылға дейін жоспарланған инвестициялық жобалар жүзеге асырылған кезде ауыл шаруашылығы өнімдерінің өндірісін ұлғайтуға мүмкіндік туып, нәтижесінде сүт өндірісінің көлемі — 76,5 мың тоннаға, еттің барлық түрі — 68 мың тоннаға, қайта өңделген сүт өнімдері — 41,6 мың тоннаға, қант өндірісі — 150 мың тоннаға артса, жаңбырлатып суару технологиясын енгізу — 1 мың гектарға, көкөніс және жеміс-жидек сақтау қоймаларының сыйымдылығы қосымша — 106,1 мың тоннаға ұлғаяды», — деп мәлімдеді ауылшаруашылығы басқармасының басшысы.
Бұл жобалардан бөлек аймақта 2019 жылы бастау алған «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыру» пилоттық жобасының екінші кезеңі жүзеге асырылып жатыр. Бес бағыт бойынша іске асқан жоба аясында 9,2 млрд. теңге игерілген. Республикалық бюджеттен – 7,2 млрд. теңгеге 2,5%-бен 2 489 өтінім қаржыландырылса, жергілікті бюджеттен — ауыл шаруашылығы кооперативтерінің айналым қаржылары мен ауыл шаруашылығы техникаларын алуға 2 млрд. теңге несие қаражаты 5%-бен берілді. Жоба аясында қазіргі уақытта барлығы 5 529 бас мал сатып алынған, оның 539 басы мүйізді ірі қара, 58-і бұқа, 929 жылқы және 4 003 бас ұсақ мал. Бұдан бөлек, 570 бас құс алынған.
Сонымен қатар, 10 тұрғын өз кәсібін ашса, 3 жылыжайдың құрылысы қолға алынуда.