Өткен жылдың қорытындысы бойынша 629 спортшы Қазақстан Республикасының ұлттық құрамаларына кірді. Бұл аймақтағы спорт саласындағы алға ілгерілеушіліктің бар екендігінің бір көрінісі деп жазады, — «ZhambylNews» АА.
Бүгінгі таңда Жамбыл облысында 67 спорт мекемесі жұмыс істесе, олардың басым бөлігі дене шынықтыру және спорт басқармасына қарайды. Олардың қатарында спорт түрлері бойынша спорт клубтары, балалар-жасөспірімдер мектептері, спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізу орталықтары, сондай-ақ ірі спорттық ареналар бар. Қалған 16 мекеме аудан әкімдіктерінің балансында және Жамбыл облысының барлық азаматтары үшін қолжетімді. Бұл мекемелерде спорттың 72 түрімен 30 мыңға жуық тұрғын айналысса, 1045 жаттықтырушы жұмыс істейді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша 629 спортшы Қазақстан Республикасының ұлттық құрамаларына кірген.
Спортпен тұрақты айналысатын жамбылдықтардың саны өткен жылы 424,9 мың адамға жетті. Бұл-өңірдегі халық санының 36,9 пайызы.
Аймақта спорт нұсқаушыларының саны артып келеді. Олар облыс аумағында тегін сабақтар өткізеді. Олардың саны бүгінде 233 — ке жетті, оның 202-сі аудандарда жұмыс істейді.
Айта кету керек, өткен жылы Тараз қаласы мен аудандарында 89 жаңа спорт нысаны пайдалануға берілді. Бүгінгі таңда олардың жалпы саны 2836-ны құрайды.