Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл-қазақ тілі. Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде тең қолданылады. Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес мемлекет республикада тұратын этностардың барлық тілдерін оқып-үйрену мен дамыту үшін жағдай туғызуға қамқорлық жасайды. Бұл бағытта аймақта да бірқатар жүйелі жұмыстар жүргізілуде,- деп хабарлайды «ZhambylNews» АА.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 19-бабына сәйкес әрбір азаматтың ана тілі мен төл мәдениетін пайдалануға, сондай-ақ қарым-қатынас, тәрбие, оқу және шығармашылық тілін еркін таңдап алуға құқығы бар.
Басты мақсат — Қазақстанда тұратын барлық этностардың тілдерін сақтау үшін жағдай жасай отырып, мемлекеттік тілді ұлттық бірлікті нығайтудың маңызды факторына айналдыру.
Бүгінгі таңда мемлекеттік тіл саясатында қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейту, мемлекеттік тілде іс жүргізу, ономастика саласын дамыту жөніндегі шаралар іске асырылуда. Мемлекеттік қызметшілердің, түрлі әлеуметтік топтар мен жас өкілдерінің мемлекеттік тілді үйренуіне жағдай жасалуда.
Қазір Жамбыл облысында тұратын қазақтардың үлесі 73 пайызды құрайды, жалпы тұрғындардың 92 пайызы мемлекеттік тілді меңгерген. Яғни, басқа этностар өкілдерінің 71 пайызы мемлекеттік тілде еркін сөйлейді, жазады және оқиды.
Сондай-ақ, жыл сайын мемлекеттік тілде оқытатын мектептер саны артып келеді. Облыстың 447 мектебінің 313 — і қазақ тілінде, сегізі орыс тілінде және 126-сы аралас. Өңірде мектеп оқушыларының 77 пайызы қазақ тілінде, 23 пайызы орыс тілінде, тағы 0,1 пайызы өзбек тілінде оқиды.
Облыста ересектерге мемлекеттік тілді тегін оқыту бойынша жұмыс жүйелі негізде ұйымдастырылады. Сабақтар сегіз аудандағы тілдерді дамыту басқармасы жанындағы оқыту орталығында және оның филиалдарында өтеді. Бұдан басқа, облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес Қордай ауданында дербес оқыту орталығы жұмыс істейді.