ҚР Президенті Қасым –Жомарт Тоқаев әлеуметтік-экономикалық реформалардың ішінде халықтың денсаулығын нығайту, медицина саласын жетілдіруге де тоқталған болатын. Бұл бағытта өңірде жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Аймақтағы денсаулық сақтау жүйесіндегі өзгерістер, жаңашылдықтармен танысу үшін Қырғызстан мемлекетінен келген делегаттар бес күндік оқыту семинарынан өткізді,- деп хабарлайды «ZhambylNews» АА.
Делегаттар Меркі аудандық орталық ауруханасындағы “Үздк тәжірибелер орталығының” жұмысымен және Сұрат және Сарымолдаев дәрігерлік амбулаторияларынан құрылған кіші үздік тәжірибе орталығының да жұмысымен танысып, оларға жоғарғы баға берді. Сондай-ақ, Меркі ауданындағы Ақтоған округі тұрғындарының ауылды “Салауатты ауыл” жобасына енгізу жөніндегі іс-шарасына қатысып, ауыл ақсақалдары мен әкімдігінің өзара Меморандумға қол қойып, ынтымақтастықта жұмыс істейтіндігі жөніндегі келіссөзіне куә болды.
Оқыту турының үшінші күні Жамбыл ауданындағы “Үздік тәжірибелер” орталығында өтсе, төртінші күні Тараз қалалық 5-емханасында болды. Емхананың бас дәрігері Динара Сәрсенова келушілерге орталық жұмысы туралы және тұрғындармен кері байланысқа құрылған арнайы қызмет құрылымы жөнінде айтып, мекеменің халыққа алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетуіндегі ииновацияларды жеткізді. “Алғашқы медициналық-санитарлық көмек” Ұлттық қауымдастығының басқарма төрайымы Роза Абзалова емхана жұмысына қанағаттанушылық білдіріп, басқаларға оны үлгі ретінде ұсынатындығын білдірді.
Ал, Қырғызстан мемлекетінің отбасын жоспарлау бөлімінің жетекшісі Бақтыгүл Бозгорпаева Жамбыл облысындағы алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету мен цифрландыру, электронды жүйе жұмысындағы жетістіктерге жоғары баға беріп, алдағы уақытта бірқатар шараларды өздерінің озық тәжірибесіне қолданатындықтарын жеткізді.
Сондай-ақ Қырғызстандық әріптестер облыс денсаулық сақтау басқармасының халық денсаулығын арттыру бағытында атқарып отырған жұмысына ризашылықтарын білдіріп, жаңалықтар мен инновациялар енгізуде алдыңғы қатарда келе жатқан сала жұмысына табыстар тіледі.
Семинар қорытындысы бойынша Жамбыл облысы әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасы және ҚР жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар бірлестіктерінің «Primary Health Care » Ұлттық Қауымдастығы мен Қырғызстан Республикасы ЖББМ отбасылық медицина орталығы арасындағы өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды.
Оның мақсаты — қоғамдық денсаулық сақтау және алғашқы медициналық-санитарлық көмек саласындағы, медициналық, әлеуметтік ғылым мен білім беруді дамытудағы, мейірбике ісіндегі тараптардың ынтымақтастығын дамыту және Қырғызстан Республикасы Ош қаласының МСАК денсаулық сақтау ұйымдары үшін Жамбыл облысындағы “Үздік тәжірибелер орталықтарының” базасында алғашқы медициналық көмектің озық тәжірибесі мен медициналық-әлеуметтік инновациялық технологияларды енгізу бойынша демонстрациялық алаң ұсыну. Сондай-ақ, Қырғызстандық әріптестерге жоғары бағаланған озық тәжірибені енгізуге әдістемелік-теориялық көмектер көрсету.
Аталған меморандум негізінде Жамбыл облысы денсаулық сақтау басқармасы Қырғызстан денсаулық сақтау саласына менторлық көмек көрсететін болып келісілді.