«AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалы жанындағы Мемлекеттік басқаруды дамыту және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңес пен Партиялық бақылау комиссиясы мүшелері Жуалы ауданы мен Тараз қаласы аумағында жүргізілген және жөндеуден өтіп жатқан жол жөндеу жұмыстарының барысын назарға алды.
Партияның сайлауалды бағдарламасында аймақтағы сапалы жолдардың үлесін арттыру мәселесіне баса мән бердік. Бұқараға берген уәде бұлжытпай орындалады.
Мәселен, Жуалы ауданындағы Күйік-Теріс-Ащыбұлақ жолын орташа жөндеу жұмыстары. Өткен жылдың мамыр айында басталған жөндеу жұмыстарын «Жол де люкс» ЖШС жүргізген. Құны 362,9 миллион теңге тұратын жұмыс былтыр қараша айында аяқталған. Жөндеу жұмыстары бір жылға жетер-жетпес кеткен кемшіліктер анықталуда. Яғни, жалпы ұзындығы 10,6 шақырым болатын жолдың 45 метрі жарамсыз болып қалған.
Бүгінгі күні кеткен кемшілікті мердігер компания бірден қалпына келтіру үстінде. Осы орайда, партиялық бақылау комиссия мүшелері кемшіліктерді 1 шілдеге дейін қалпына келтіру бойынша ұсыныс берді. Сондай-ақ, белгіленген уақытқа дейін серіктестік жол белгілерін де сапалы орнатуды өз міндеттеріне алды.
Комиссия мүшелері Тараз қаласындағы Кірпіш зауыты алқабындағы «Заводской» көшесінің орта жөндеу жұмыстарының барысын да назарға алды. 32 жылдан бері енді ғана жөндеу көріп жатқан көшенің жалпы ұзындығы 1,5 шақырым екен. 27 сәуірде басталған жұмыс маусым айында аяқталуы тиіс. Сондықтан сапасы туралы айту ерте. Дегенмен бұл да партия назарында болады.