Бүгінде елімізде несиесін өтей алмай жүргендердің қарасы қалың. Бірнеше банктерге, микрокредиттік ұйымдарға берешегі бар және борышкерлер тізіміндегілер ішінде ауыл тұрғындары көп. Оның басты себебі, қаржыны тиімді жұмсау бойынша біліктіліктің жоқтығы. Сондықтан, «AMANAT» партиясы “Халық банкімен” жасалған меморандум аясында «Қарызсыз қоғам» жобасын қолға алды.
Жобаның негізгі мақсаты – жеке тұлғалар арасында проблемалық берешегі бар адамдардың қаржылық сауатын арттыру.
Ауыл тұрғындарын «Ұлы Дала» ауылдық бизнесті дамыту Қауымдастығының аймақтағы білікті бизнес-тренерлері тегін оқытады. Оқу бағдарламасы аясында олар несие бойынша қарыздары бар және борышкерлер тізіміндегі адамдарға, мемлекеттік бағдарламалар бойынша қаржыландырылатын ісін жаңа бастаған кәсіпкерлермен жұмыс жүргізеді.
Жоба аясында бизнес-тренерлер отбасылық қаржыны тиімді жоспарлау туралы пайдалы кеңестерімен бөліседі. Сондай-ақ, банктермен келісім-шартқа отырғанда ескеру қажет мәселелерді кеңінен түсіндіреді.
5 күндік курс барысында жобаға қатысушылар бизнес-жоспар жазуды меңгеруге де зор мүмкіндік алып отыр. Бұл өз кезегінде, енді ғана кәсіп бастап отырған азаматтарымыз үшін тиімді болмақ. Мамандар бизнес-жоспарды үйретіп қана қоймай, бірлесе бастаған жұмыстарын жыл соңына дейін сүйемелдейтін болады. Әрине, теңгесіне емес «тегін».
Сонымен қатар, жоба қатысушыларымен заңгерлер де жұмыс жасап, кеңес беретін болады.
Бұл жоба ешкімнің несиесін жауып бермейді! Дегенмен қолда бар қаржыны тиімді жұмсап, банк алдындағы берешегі бар азаматтарға қарызынан құтылудың жолдарын айқындап береді.
Осы аптада облыстың 8 ауданында 470 азамат алғашқы оқуларын бастады. Оқу әр аптада 1 топты (топта 50-60 адам) қамти отырып, 7 ай бойы жүргізіледі.
Жоспарға сәйкес Жамбыл облысында 10 мыңнан аса адамды қамту көзделіп отыр.
Жоғарыда аталған проблемалары бар азаматтарды тегін кеңес алып, оқуға белсене қатысуға шақырамын. Оқуға қатысу партияның барлық филиалдарында жүргізіледі.