Республикалық «Отбасы ағашы» акциясы аясында қаламыздағы жас отбасылар ағаш көшеттерін отырғызды. Халықаралық «Отбасы күніне» орай ұйымдастырылған іс-шараға жас отбасылар мен ардагерлер және зиялы қауым өкілдері қатысты. Басты мақсат — отбасылық дәсүрді нығайту, тұрғындарды салауатты өмір сүруге және табиғатты қорғауға үндеу,-деп жазады «ZhambylNews» АА.
Жас отбасылар көктемнің нышаны іспеттес сексенге жуық көшеттерді Абай көшесінің бойына отырғызды. Экологиялық шараға 10 жанұя ұл-қыздарымен бірге атсалысты. Олар болашақта осы орын жасыл желекке айналады деген сенімін білдірді. Ағаш көшеттерін отырғызған жастарға қариялар мен зиялы қауым өкілдері ақ батасын беріп, ізгі тілектерін жаудырды.
«Отбасы ағашы» республикалық жобасына Әбдірахмановтар отбасы да қатысты. Ағаш егіп, үй тұрғызу, ұрпақ өсіру — ер жігіттің мойнындағы үш міндет деп білемін. Сондықтан бүгінгі іс-шараға балаларымызбен бірге қатысуды жөн санадық дейді Өскен Әбдірахманов
Акцияға атсалысқан отбасылар өнегелі бастама көтерген барша ұйымдастырушыларға алғыс білдірді. Олар алдағы уақытта еккен ағашымызды күтіп-баптайтын боламыз деп тарқасты .