Жамбыл ауданы Айша бибі ауылында «Һибатулла Тарази» медресе-колледжі, Бейбіт ата ғимараты пайдалануға берілді, — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА.
Медресе – діни ағарту ордасы. Тарихқа қарасақ, медреселер тек халықтың діни сауатын арттырумен шектелмей, қоғамды ізгілікке үйрететін, руханиятын дамытатын орталық рөлін атқарған.
Мұсылман үмбетіне білім алу парыз. Қалың бұқараның мұсылман атауына лайықты деңгейде білімі болуы аса маңызды. Медресе ғимаратының ашылуына облыс әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев, Бас муфти Наурызбай қажы Тағанұлы және Жамбыл ауданы әкімі Ерлан Қыдыралыұлы сонымен қатар, ардагерлер мен ауыл тұрғындары қатысты.
Ғимараттың жалпы көлемі 10002 шаршы метр, екі қабаттан тұрады. 50 адамға арналған.1 қабатта үлкен бөлме, қосалқы бөлмелер мен дәретхана бар. 2 қабатта жуынатын бөлме, намазхана, дәретхана, 3 бөлме, 2 үлкен зал бар. Ғимаратқа күрделі жөндеуді Бейбітұлы Қуаныш пен Олжас есімді кәсіпкерлерлер өз қаражаты есебінен жүргізген.
Тәуелсіздік алғалы еліміздің барлық аймақтарында медреселер мен медресе-колледждердің қызметіне қан жүгіре бастады. Бастапқыда Құран жаттатумен шектелген медреселер, келе-келе мемлекеттік үлгіде біліктілігін айқындайтын құжат беретін ресми діни арнайы орта оқу орындары мәртебесіне дейін көтерілді. Ғимарат ашылуына орай ауыл азаматтарына арналып, ақ дастархан жайылды.