Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен аппарат кеңесінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мәселелері қаралды.
Аймақ басшысы өңірде әлеуметтік маңызы бар өнімдердің бағасын тұрақтандыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізілмей отырғандығын атап өтті.
— Жыл басынан бері агроөнеркәсіптік кешен саласындағы статистикалық ақпаратты талдау бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Басты мақсат – нақты ақпаратқа көз жеткізу, нақты деректерді анықтау. Көзбояушылық болмауы тиіс. Біз нақты ахуалды білмей, тиімді шаралар қабылдай алмаймыз. Азық-түліктердің бағасына қатысты да осы бағыттағы жұмыстарды күшейту – маңызды, — деді облыс әкімі.
Ербол Қарашөкеев облыстық сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын азық-түлік бағаларына сауда үстемесін артқан кәсіпкерлерді жауапкершілікке тарту жөніндегі жұмысты күшейтуді және бұл туралы тұрғындарды кеңінен ақпараттандыруды тапсырды.
Басқосу барысында облыстық сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысының міндетін атқарушы Байқадам Дүйсенбаев жыл басынан бері сауда нүктелеріне 6 тексеріс жүргізілгенін жеткізді. Нәтижесінде 3 кәсіпкер ескерту түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылса, 2 кәсіпкерге 156 910 теңге көлемінде айыппұл салынған. Бұдан бөлек, өңірлік комиссия сауда қызметі саласындағы заңнаманы бұзудың 33 дерегін анықтаған.
Өңір басшысы аталған деректер Қордай мен Шу аудандарында ғана анықталғанын атап өтіп, департамент басшылығына аудан әкімдіктерімен тығыз жұмыс істеуді жүктеді.
Ал облыс әкімінің орынбасары Әбілхайыр Тамабек көтерме бағамен сату деректері бойынша шаралар қабылданбайтынына тоқталды. Ол азық-түліктің шекті бағасы туралы ақпаратты әр апта сайын әлеуметтік желілерде жариялау үшін аудандарға жіберуді ұсынды. Бұл – тұрғындардың бағаның жоғарылағанын салыстыру мен тиісті орындарға хабарлауына мүмкіндік береді.
Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаев әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 7 түрі бойынша форвардтық келісімшарттар жасалғанын айтып, бұл ішкі нарықтың қажеттіліктерін толық қамтамасыз етуіне оң әсер ететінін жеткізді.
Аппараттық кеңесте аудан әкімдерінен азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар жөнінде жауаптар алынды.
Жалпы, жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларға жататын 3 тауар түріне, атап айтқанда, қарақұмық жармасы – 5 тонна (41 сауда дүкені), күріш – 55 тонна (41 сауда дүкені), тауық жұмыртқасы – 258 мың дана (55 дүкен) бойынша интервенция жүргізілді. Бүгінгі таңда Жамбыл облысында көкөністердің бағасы тұрақты.
Аймақ басшысы баға тұрақтылығын бақылауда ұстауда тиімді шаралар қабылдау қажеттігін баса айтты.
— Қуаттылығы 40 тоннадан аз көкөніс қоймаларындағы қорларды статистикалық есепке енгізу ісінде қозғалыс жоқ. Қолда бар қорлар бойынша жағдайды білмей, ішкі нарықта бағаны тұрақтандыру мақсатында тиімді шаралар қабылдау мүмкін емес, — деді облыс әкімі.
Кеңес соңында Ербол Қарашөкеев апта сайын аудандарда ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерін өткізу, форвардтық сатып алу тетігін белсенді енгізу, жосықсыз делдалдарды анықтау, мобильді топтардың жұмысын жандандыру, әлеуметтік павильондардың жұмысын бақылау, жергілікті өнімнің өнімділігі мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруда нақты шаралар қабылдау бойынша бірқатар тапсырмалар берді.