Жамбыл облысында 193 мыңнан аса бала жазғы демалыспен қамтылуда

0 3
Жамбыл облысында 2025 жылғы жазғы демалыс маусымында 1–10 сыныптағы 217 757 оқушының 193 071-ін (88,6%) жазғы сауықтыру және бос уақытты тиімді өткізу шараларымен қамту жоспарланған. Бұл туралы білім басқармасының басшысы Нұрбек Оршыбеков хабарлады.
Балалардың тынығуын ұйымдастыру үшін әртүрлі лагерь түрлері қарастырылған.
Қала сыртындағы лагерьлерге – 7 673, мектеп жанындағы лагерьлерге – 33 607, мектеп алаңдарына – 147 271, киіз үй және шатырлы лагерьлерге – 3 505, республикалық лагерьлерге – 315 оқушы қабылданады. Сонымен қатар 700 бала ата-аналар мен кәсіподақтар есебінен демалуға жіберіледі.
Облыстағы 12 қала сыртындағы лагерьдің жетеуі биыл жұмысын бастады. Оның ішінде жыл бойы қызмет көрсететін «Мөлдір бұлақ» оқу-сауықтыру орталығы мен маусымдық мемлекеттік және жекеменшік лагерьлер бар. Мұнда әлеуметтік тұрғыдан осал топтағы балаларға басымдық берілген.
2 маусымнан бастап 407 мектеп жанындағы лагерь ашылып, 33 607 оқушыны қамтыды.
Сондай-ақ білім жетістіктерімен ерекшеленген 793 оқушы «Қазақстан халқы» қорының қолдауымен қала сыртындағы лагерьлерде демалуда. Бұдан бөлек, 295 оқушы «Балдәурен» орталығында, 20 оқушы «Бөбек» сауықтыру орталығында жазғы демалысын тиімді өткізуде.
Балалар үшін облыс аумағындағы тарихи-мәдени нысандарға 21 мыңнан астам экскурсия ұйымдастырылды.
Қауіпсіздікке ерекше назар аударылып, ведомствоаралық жоспар аясында лагерьлерде жүйелі профилактикалық жұмыстар жүргізілуде.
– Жамбыл облысында балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру – тек уақытты тиімді өткізу ғана емес, олардың денсаулығын нығайтып, жаңа білім мен тәжірибе алуына, қауіпсіз ортада тұлғалық дамуына жағдай жасауға бағытталған маңызды жұмыс, – деді облыстық білім басқармасының басшысы. – Бұл мәселе облыс басшылығы мен сала мамандарының тұрақты назарында. Жазғы уақыт – балалар үшін тек тынығу емес, жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын мезгіл. Сондықтан оларға мазмұнды әрі қауіпсіз демалыс ұйымдастыру – баршамыздың ортақ міндетіміз.
Leave A Reply

Your email address will not be published.