Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің төрағалығымен кезекті аппарат кеңесі өтті.
Жиында әуелі қала әкімінің орынбасары Нұрсұлтан Исабеков шаһарда тұрғын үй- коммуналдық шаруашылық саласы бойынша атқарылған жұмыстар туралы баяндады.
Нұрсұлтан Арқабайұлының айтуынша, бүгінде қалада 48 тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары жүріп жатыр екен. Қазірге дейін 7 кредиттік және 1 арендалық үйдің құрылысы толық аяқталып, пайдалануға қабылданса, «Шапағат» (16) шағынауданындағы 4 тұрғын үйде құрылыс-монтаждау жұмыстары тұрақты жүргізілуде. Нысандарды ағымдағы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған.
– «Шөлдала» алқабындағы 600 орынды «Жайлы мектептің» сыртқы инженерлік желілері мен абаттандыру жұмыстарының құрылысы ағымдағы жылдың 13 тамызында басталған. Бұл жұмыстарды биылғы қыркүйек айының ортасына дейін тәмамдау көзделіп отыр.
Бұған қоса «М-1» жылу магистралінің – 1 536, «М-3» жылу магистралінің – 650 және «Ұлы дала» (15) шағынауданы аумағындағы жылу магистралінің 518 метр бөлігін ауыстыру жұмыстары аяқталды. Сонымен қатар аталмыш шағынаудан аумағында қосымша 565 метр жылу құбыры кеңейтіліп жатыр.
Сондай ақ «М-1» жылу магистралін ауыстыру жұмыстары аяқталған Төле би даңғылының Жамбыл даңғылы мен Қ.Тұрысов көшесі аралығындағы 4,6 мың шаршы метр аумақты тегістеу мен қайта абаттандыру жұмыстарына 375 текше метр қара топырақ әкелініп, 1 020 метр суару жүйесі жүргізіліп, газон себілді.
Бұдан бөлек, қалаға қосылған 14 елді мекеннің көшелерін ағымды жөндеу жұмыстарына мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізіліп, мердігері анықталды. Сондай-ақ ағымдағы жылы 6 көшенің ауызсу құбыры ауыстырылуда. Бүгінгі күнге Б.Қойбақов көшесінің 5-7-ші бұрылыстарында, Мичурин, Қ.Қазиев, С.Нұрмағамбетов, С.Әбдібаев, Қазақ көшелерінде жұмыстар толығымен аяқталды. Ал «Түрксіб» алқабын ауызсумен қамту нысаны 2025 жылдың 18 тамызында Жамбыл ауданы әкімінің теңгерімінен Тараз қаласы әкімдігінің меншігіне қабылданды. Сонымен қатар нысандағы су жинағыш резервуарды және ауызсу жүйесін тексеру, жуу, дезинфекция, анализ алу жұмыстарын «Жамбыл Су» мекемесі мамандарымен қолға алынуда. Аулаларды абаттандыру да назардан тыс қалмайды. Мәселен, биыл 25 ауланы абаттандыру бойынша тиісті жұмыстар жүруде. 5 аулада ойын элементтері орнатылды, тартан төсеу жұмыстары ғана қалды. Басқа 20 мекенжай бойынша элементтер орнатуға дайындық жұмыстары жүргізілуде, – деді қала әкімінің орынбасары.
Кеңесте бұдан бөлек, 2025 жылдың қаңтар-тамыз айларының қорытындысымен Тараз қаласы бюджетінің болжамды орындалуы, шаһардың әлеуметтік-экономикалық дамуы және 8 айдың болжамды көрсеткіштері, мемлекеттік сатып алу конкурстарының өткізілу барысы, ҚР Конституциясы күні мерекесіне дайындық жұмыстары, ұлттық жобалардың іске асырылуы, қала аумағында ұлттық ауыл шаруашылығы санағын өткізу, индустриялды аймақтың аумағын кеңейту секілді өзекті мәселелер жан-жақты қаралды.
Жиынды қорытындылаған Бақытжан Әмірбекұлы құрылыс жұмыстарын сапалы әрі мерзімінде аяқтау қажеттігін атап өтіп, күн тәртібіндегі әрбір мәселе бойынша жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді.