Жаңа оқу жылы: Жамбыл облысында 20 мыңға жуық бала алғаш рет мектеп табалдырығын аттайды

0 7
Жамбыл облысында 2025-2026 жаңа оқу жылын 523 орта білім беру ұйымында 247 мыңнан аса оқушы бастайды деп күтілуде. Оның ішінде 20 мыңға жуық бүлдіршін алғаш рет 1-сыныпқа барады.
Бұл туралы жаңа оқу жылына дайындық шараларын баяндаған облыстық білім басқармасының басшысы Нұрбек Оршыбеков хабарлады.
Қазіргі таңда өңірдегі 1 291 білім мекемесінде 338 мыңнан астам бала мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік біліммен қамтылып, 40 мыңға жуық педагог қызмет атқаруда. Биыл білім беру саласын дамытуға 344,3 млрд теңге бөлінді (2024 жылы – 315,6 млрд теңге).
Мектепке дейінгі тәрбие
Облыстағы 621 балабақшада 63 мыңнан аса бала тәрбиеленуде. 2-6 жас аралығындағы балалардың қамтылуы – 96,1 пайыз, ал 3-6 жас аралығында – 100 пайыз. Қамту үлесін арттыру үшін биыл 1 628 орындық 18 жекеменшік балабақша іске қосылады.
Жаңа мектептер мен жөндеу жұмыстары
2025 жылы өңірде 26 білім нысанының құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін 10 жаңа мектеп пен 5 қосалқы ғимарат пайдалануға беріледі. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында Қордай ауданының Қаракемер және Қарасу ауылдарында 300 орындық, ал Тараз қаласында 600 орындық мектеп ашылады.
Сонымен қатар 1 қыркүйекте 4 тозығы жеткен мектептің орнына жаңа ғимарат пайдалануға берілмек.
Жалпы 16 нысан күрделі, 41 нысан орташа жөндеуден өтуде. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес үш жыл ішінде облыстағы 66 мектеп жаңартылады. Биылдың өзінде 10 білім ошағы қайта жаңғырады.
Материалдық-техникалық база
Жаңа оқу жылына дайындық аясында 53 жаңа үлгідегі кабинет сатып алынды.
Оқулықтарға байланысты 13 баспамен 118 келісім жасалып, 670,6 мың дана кітаптың 89,7 пайызы жеткізілді. Жаңа оқу жылында барлық оқушы оқулықпен толық қамтамасыз етіледі.
Әлеуметтік қолдау
«Жалпыға бірдей білім беру қоры» есебінен аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың балаларына ыстық тамақ, киім-кешек және жазғы сауықтыру шараларына 6,4 млрд теңге бөлінді (2024 жылы – 5,6 млрд теңге).
Жергілікті бюджеттен 43 971 оқушыны киім-кешек және кеңсе тауарларымен қамтуға 2,3 млрд теңге бөлінді (әр балаға – 53 117 теңге).
«Мектепке жол» республикалық акциясы аясында биыл 1 300 балаға 23,6 млн теңгенің көмегі көрсетілді.
Цифрландыру
Облыстағы барлық мектеп интернетке қосылған. Жылдамдығы 20 Мбит/сек-тен жоғары мектептердің үлесі 100 пайызға жетті.
Starlink жобасы аясында Жамбыл облысының 72 мектебінде интернет жылдамдығы 150 Мбит/сек-қа дейін жетеді.
Қауіпсіздік
Облыстағы білім беру ұйымдарының қауіпсіздігіне ерекше мән берілуде. Бүгінде 501 мектептің бейнебақылау жүйесі Полиция департаментінің Жедел басқару орталығы мен аудандық полиция бөлімдеріне толықтай интеграцияланды.
Қалған 269 білім беру мекемесі 1 қыркүйекке дейін толық қосылатын болады.
Жұмысшы мамандықтар жылы
Өңірде техникалық және кәсіптік білім беру жүйесі еңбек нарығының сұранысына бейімделуде.
2024 жылы облыстағы 42 колледжде 28 219 студент білім алды, оның ішінде 19 219-ы мемлекеттік тапсырыс бойынша оқыды.
2025 жылы еңбек нарығының қажеттілігін ескере отырып, 32 колледжде 66 мамандық бойынша 6 720 орын игерілді.
Мақсатты мемлекеттік білім беру тапсырысы аясында 570 орынға студенттер қабылданып, техникалық және аграрлық бағыттар бойынша 117 кәсіпорынның сұранысы қамтамасыз етілді.
Leave A Reply

Your email address will not be published.