Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатқан және құрылысы аяқталған мектептерді аралап, жұмыс сапасы мен оқу жылына дайындығымен танысты.
Ең алдымен шаһар басшысы Ә.Бөкейханов атындағы №1 гимназиясына барды. Білім ошағында құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталып, сантехникаларды орнату, электр жүйелерін іске қосу жұмыстары жүріп жатыр. Сондай-ақ ішкі әрлеу, абаттандыру, жылу, электр, ауыз су желілерін жүргізу, қабырғаларды сейсмикалық күшейту, қасбетін бояу жұмыстары толығымен аяқталып, оқу кабинеттері оқушыларды қабылдауға дайын.
Келесі нысан №25 орта мектептің құрылысы болды. Жобаға сәйкес мұнда футбол алаңын монтаждау, қасбеттерін, қабырғаларды күшейту жұмыстары, электр, кәріз, су жүйелерін жаңарту, ішкі әрлеу, абаттандыру, есік-терезелерін орнату, өрт дабылын орнату секілді жұмыстар жүзеге асырылған. Заманауи үлгіде жабдықталған білім ордасы білім күнінде оқушыларға есігін айқара ашпақ.
Б.Момышұлы атындағы №45 гимназиясында да күрделі жөндеу жұмыстары тәмамдалуға таяу. Мектептің 2 корпусындағы құрылыс толығымен аяқталып, электр жүйесін іске қосу, абаттандыру жұмыстары да жақын күндері аяқталады.
№13 орта мектептің құрылыс жұмыстары бүгінгі күні 55 пайызға тәмамдалған. Қазіргі таңда шатырын, терезелерін ауыстыру, ішкі электр, сыртқы инженерлік, жылу жүйелерін жаңарту, абаттандыру, қасбетін бояу секілді жұмыстар жүзеге асырылуда.
Қала әкімі №15 мектеп-гимназиясындағы жапсарлас ғимараттың құрылыс жұмыстарын да көрді. Қазіргі уақытта ғимараттың есік-терезелері орнатылып, едендері төселіп, инженерлік-инфрақұрылымдық жүйелері толығымен тартылған. Бүгінгі уақытта ішкі әрлеу жұмыстары жүруде.
№27 орта мектепке де құрылыс қарқынды жүруде. Жобаға сәйкес оқу ордасында абаттандыру, инженерлік жүйені жаңғырту, өрт дабылы, сәулет-құрылыс бөлігі, терезелер мен қабырғаларды безендіру, қабырғаларды сейсмикалық күшейту, қасбеттерін бояу-әрлеу, едендерді ауыстыру, қабырғаларды оқшаулау жұмыстары қарастырылған. Құрылысты 2026 жылдың қараша айында аяқтау көзделіп отыр.
Шаһар басшысы №54 орта мектептегі жөндеу жұмыстарымен танысты. Талай уақыттан бері тұрғындар тарапынан көтеріліп келе жатқан мектепті жөндеу жұмыстары бүгінде қарқын алуда. Жоба аясында мұнда инженерлік жүйелерді жаңғырту, (жылу жүйесі, су құбыры ішінара, кәріс жүйесі, сантехника), сәулет-құрылыс бөлігі Б,В,Д блоктарындағы сыртқы қабырғаларды жақтауға дейін бөлшектеп қайта құру, қабырғаларды жылылау және қасбетін ауыстыру жұмыстары қарастырылған. Нысан құрылысы 2026 жылға өтпелі.
Жалпы, білім ордаларындағы жөндеу жұмыстары толығымен аяқталған соң ішкі және сыртқы келбеті заманауи стилде жаңарып, сыныптар мен дәліздер, материалдық-техникалық базалары да заман талабына сай жабдықталып, оқушылардың сапалы білім алуына толыққанды жағдай жасалатын болады.
Әр мектептің жөндеу жұмыстарыының барысымен жіті танысқан шаһар басшысы жаңа оқу жылында ата-аналар мен балалардың да қуанышы маңызды екенін айрықша атап өтті.