Отбасылық құндылықтар ұлықталды

0 2

Ағымдағы жылдың 15 қыркүйегінде Тараз қаласындағы Достық үйінде мазмұны ерекше, тағылымы мол шара – «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» республикалық жобасының «Азамат тәрбиелеген отбасы» бағыты бойынша салтанатты марапаттау рәсімі өтті.

 

Аталған іс-шара Қазақстан халқы Ассамблеясы тарапынан «Отбасы күніне» орай ұйымдастырылып, отбасылық құндылықтарды дәріптеу, көп жыл бірге ғұмыр кешіп, бала тәрбиесінде өнеге болған жанұяларды ұлықтауды мақсат етті.
Жоба аясында үш негізгі номинация бойынша әр аудан мен қаладан іріктелген, өмір жолы мен ұрпақ тәрбиесіндегі үлгісі арқылы елге танылған отбасылар марапатталды.
Сонымен 50-60 аралығыда бірге өмір сүрген «Алтын шаңырақты» отбасылар қатарында Сарысу ауданынан Есмахан Амангелді мен Балкүл Шадарбек, Т.Рысқұлов ауданынан Жолдас Рахишев пен Орынбала Алдиярова, Байзақ ауданынан Исмаил Мансуров пен Сейдимкүл Мансурова, Жуалы ауданынан Жақсылық Әбілдаева мен Қатира Белгібаева, Тараз қаласынан Жаңабай Миллионов пен Гүлбағира Жақсыбаевалар марапатталды.
Ал, 25 жылдық отбасылық өмірді артта қалдырған «Күміс керегелі» жанұялар қатарында Талас ауданынан Сулхадин Мустафаев пен Дильбара Мустафаева, Мойынқұм ауданынан Абылай Жылқыбаев пен Гүлмира Елеусинова, Жамбыл ауданынан Асет Сүлейменов пен Ақбота Смағанбетовалар марапатталды.
Сондай-ақ, «Еліне елеулі азамат тәрбиелеген отбасы» номинациясы бойынша марапатталғандар Меркі ауданы Жалғас Акимбекова мен Айнұр Акимбекова, Тараз қаласы Сабит Смағанбетов пен Айгүл Дүнбаева болды.
Бұл жанұялар – елге адал қызмет етіп жүрген, қоғамға пайдасын тигізіп жүрген азаматтарды тәрбиелеп өсірген өнегелі шаңырақ иелері. Олардың балалары мемлекеттің түрлі салаларында табысты еңбек етіп, Отанға деген сүйіспеншіліктің нақты көрінісін көрсетуде.
Іс-шара барысында қатысушы отбасыларға дипломдар мен естелік сыйлықтар табыс етілді. Олардың отбасылық құндылықтарды сақтауға, дамытуға және жас ұрпаққа үлгі боларлық өмір сүру дағдыларын қалыптастыру жолындағы еңбегі ерекше атап өтілді.
«Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасы аясындағы бұл бастама — ұлттық тәрбие мен рухани құндылықтарды ұлықтауға, отбасылық дәстүрлерді жаңғыртуға бағытталған маңызды жоба ретінде бағаланды.
Мұндай тағылымды шаралар арқылы қоғамда береке мен бірлікке негізделген отбасылық құндылықтар кеңінен насихатталып, болашақ ұрпаққа өнеге болары анық.

Leave A Reply

Your email address will not be published.