17-18 қыркүйекте Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII съезі өтпек. Ауқымды шараға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев төрағалық етеді. Діни жиынға әлемнің 60 елінен 100-ден астам адам қатысады. Олардың қатарында түрлі діннің лидерлері, халықаралық ұйым өкілдері, сарапшылар, саясаттанушылар мен қоғам қайраткерлері бар. Алдағы басқосуда қандай мәселелер талқылануы мүмкін? Осы сауалға Kazinform тілшісі жауап іздеді.
Халықаралық мінберге айналған алаң
Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі – Қазақстанның тәуелсіздік алғаннан кейінгі тарихында қалыптасқан ең ірі әрі бірегей бастамалардың бірі. Оның алғашқы қадамы 2003 жылы жасалды. Сол жылы Астанада өткен алғашқы жиынға 13 елден 17 делегация келген еді. Дегенмен бұл оқиға әлемдік тарихта ерекше орын алды. Себебі адамзат өркениетінде тұңғыш рет әртүрлі діни конфессиялардың өкілдері, рухани көшбасшылар мен қоғам қайраткерлері бір үстел басына жиналып, ашық диалог алаңын құрды.
Сол тарихи сәттен бастап Қазақстан әлемге жаңа үн қатты – ол үн бейбітшілікке, татулыққа және өзара түсіністікке шақырды. Уақыт өте келе бұл бастама тұрақты дәстүрге айналып, бүгінгі күні жиырма екі жылдық тарихы бар халықаралық форумға айналды. Егер алғашқы съезге қатысушылар саны санаулы болса, бүгінде ол көрсеткіш бірнеше есе артып, 60 мемлекеттен 100-ден астам делегатты қамтитын деңгейге жетті. Бұл – Қазақстанның діндер арасындағы диалогты дамыту ісінде сенімді серіктеске айналғанының айқын дәлелі.
Съездің ерекшелігі – тек пікір алмасу алаңы ғана емес, нақты шешімдер қабылданатын халықаралық мінбер болуында. Мұнда көтерілген мәселелердің ауқымы кең: конфессияаралық өзара түсіністікті нығайту, діни экстремизм мен радикализмнің алдын алу, мәдениеттер арасындағы көпірлерді жалғау, жаһандық бейбітшілік пен тұрақтылыққа үлес қосу. Съезд барысында қабылданған декларациялар мен үндеулер тек Қазақстан аясында шектелмей, БҰҰ Бас Ассамблеясының ресми құжаттары ретінде таратылып келеді. Бұл – форум шешімдерінің халықаралық деңгейде мойындалуының жарқын көрінісі.
Кеше мен бүгін: съезд тарихы
Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съездері жылдар бойы өз тарихын қалыптастырып келеді. Әрбір жиын жаңа бастамалар мен құнды шешімдерге жол ашты. Мәселен, II Съезд аясында Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығы құрылып, «Дінаралық диалогтың қағидаттары» құжаты қабылданды. III Съезде Діни лидерлер кеңесі құрылып, дінаралық ынтымақтастықтың жаңа деңгейіне көтерілді. IV Съезд толеранттылық пен сенім құндылықтарын насихаттайтын G-Global порталын таныстырса, V Съезде алғаш рет халықаралық сыйлықтар мен Құрмет медалі тағайындалды. VI Съезд конфессияаралық диалог орталығына негіз қалады. Ал VII Съезд 2023–2033 жылдарға арналған даму тұжырымдамасын қабылдап, жас діни лидерлер форумын өткізу туралы шешім шығарылды.
Сенат төрағасы, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі хатшылығының басшысы Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, бұл бастама Қазақстанға халықаралық қоғамдастықтағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге үлес қосатын тиімді құралдардың бірі болып отыр.
— Съезд өзінің тиімді халықаралық алаң екенін толық дәлелдеді. Қазақстан бұл бастаманы 20 жылдан астам уақыт бойы табандылықпен ілгерілетіп келеді. Форумның қалыптасуы мен дамуына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың үлесі ерекше. Бүгінде Съезді әлемнің басты рухани көшбасшылары жиналатын, беделді де танымал халықаралық мінбер деп сеніммен айта аламыз, – деді ол.
2022 жылы өткен VII Съезд өзінің мазмұны мен қатысушылардың жоғары мәртебесімен есте қалды. Оған Рим Папасы Франциск пен Әл-Азхардың Жоғарғы имамы шейх Ахмед ат-Тайеб қатысты.
Рим Папасы Франциск теңдік идеяларын дәріптеуде, әлеуметтік әлсіз топтардың құқықтарын қорғауда маңызды рөл атқарды. Ол ислам мен христиан әлемдері арасындағы өзара түсіністікті дамытуға айрықша мән берді. Сапары барысында Қазақстанды диалог пен кездесу алаңы ретінде бағалап, халқымыздың ашықтығы мен өзара құрметін атап өтті. Ал шейх Ахмед ат-Тайеб – ислам әлемінің аса беделді тұлғасы. Оның пікірінше, қазіргі заманда диалог пен өзара түсіністік бұрынғыдан да маңызды.
VIII съездің басты тақырыбы қандай?
VIII съездің басты пленарлық отырысы «Діндер диалогы: болашақ жолындағы синергия» тақырыбына арналады. Бұл – дәстүрлі құндылықтарды қазіргі заманның сын-тегеуріндерімен ұштастыруға деген ұмтылыстың айқын көрінісі. Жоспарланған бағдарлама аясында қатысушылар жаһандық бейбітшілікті нығайтудағы діннің рөлін, діни төзімділік пен экстремизмнің алдын алу мәселелерін, сондай-ақ цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектінің дін саласына әсерін талқылайды.
Цифрлық этика және онлайн кеңістікте діндарлардың сезімін қорғау мәселелерінің съезд күн тәртібіне енгізілуі діни ұйымдардың қазіргі цифрлық заманға белсенді түрде үн қатып отырғанын көрсетеді. Бұл тақырыптар бұған дейін негізінен зайырлы және технологиялық ортада ғана қарастырылып келген. Соңғы жылдары, әсіресе COVID-19 пандемиясы кезеңінде, рухани кеңістік цифрлық форматқа қарқынды түрде көшті. Онлайн ғибадаттар, виртуалды зияраттар, мобильді діни қосымшалар, сондай-ақ жасанды интеллект негізінде жүзеге асатын діни кеңес беру қызметтері, қазіргі заманның цифрлық болмысына бейімделген жаңа рухани тәжірибені қалыптастырды.
Биылғы Съезге де беделді діни лидерлер мен халықаралық ұйым өкілдері қатысады. Олардың қатарында Дүниежүзілік ислам лигасының Бас хатшысы Шейх Мұхаммед Абдулкарим Әл-Исса, Мәскеу және бүкіл Ресей Патриархы Кирилл, БҰҰ Бас хатшысының Исламофобия және антисемитизммен күрес жөніндегі арнайы уәкілі, БҰҰ-ның Өркениеттер Альянсының Жоғарғы өкілі Мигель Анхель Моратинос бар.
Съезд аясында бірқатар шаралар өтетін болады. Олардың қатарында Съездің жұмыс тобының отырысы, Хатшылықтың XXIII отырысы, сонымен қатар ІІ Жас діни лидерлер форумы жоспарланған. Ал ерекше шаралардың бірі –БҰҰ Өркениеттер альянсының бастамасымен Діни нысандарды қорғау жөніндегі арнайы сессия өтеді. Сессияда ғибадат орындарына, қасиетті және мәдени нысандарға төнетін қауіп-қатерлерге байланысты жаһандық сын-қатерлерді талқылау үшін жетекші діни лидерлер, дипломаттар, қоғамдық және халықаралық ұйымдардың өкілдері бас қосатын болады.
Сонымен қатар, Эксперттік дөңгелек үстел өтеді. Оның мақсаты – қазіргі әлемдегі қиындықтарды талқылауда дін дипломатиясына ғылыми пікірлерді қосып, әр саланы қамтитын, нақты әрі тиімді әңгіме жүргізу.
Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығының бас кеңесшісі Саманта Болатқызының айтуынша, діни дипломатия халықтар мен мәдениеттер арасындағы диалогты, өзара түсіністік пен ынтымақтастықты дамыту үшін сенім мен құндылықтарға сүйенеді.
— Ғылымға негізделген тәсіл бұл үдерістерді нақты деректер мен дәлелдерге, сондай-ақ тәжірибеге сүйене отырып анағұрлым тиімді етуге мүмкіндік береді. Ғылыми қауымдастықпен орнаған серіктестік Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің мазмұндық деңгейін арттырып, оның жұмысын жаңа идеялармен байыта түседі. Биыл кең тақыланатын тақырыптардың бірі — климат мәселесі мен жасанды интеллект» – дейді ол.
Әрбір съезд соңында діни көшбасшылар міндетті түрде Қорытынды құжат қабылдайды. Бас кеңесшінің айтуынша, VIII Съездің Декларациясы бірнеше маңызды бағытты қамтитын болады. Ең бірінші, бейбітшілік пен әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету, жаһандық ынтымақтастықты нығайту мақсат етіледі. Декларацияның басты басымдықтарының бірі – дінаралық және мәдениетаралық диалогты тереңдету. Халықаралық ұйымдарды, діни көшбасшыларды, саясаткерлерді, сарапшыларды, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерін, БАҚ пен ізгі ниетті адамдарды осы үдеріске тарту арқылы адамзат бірлігін нығайту көзделеді.
Сонымен бірге, әлеуметтік теңсіздік, экстремизм мен терроризмнің алдын алу, жастарға арналған діни сауаттылықты арттыру мәселелері назарда болады. Халықаралық қауымдастықтың дағдарыс және қақтығыс аймақтарынан әйелдер мен балаларды, қарттарды, мүгедектерді, босқындар мен ел ішінде қоныс аударған адамдарды қолдау да Декларацияда қамтылады.
Экожүйелерді сақтау, климаттық апаттардың алдын алу, жаңа технологияларды – оның ішінде цифрлық құралдарды, жасанды интеллект пен биоинженерияны – жауапкершілікпен пайдалану міндеттеледі. Әсіресе, жасанды интеллект ешбір жағдайда дұшпандық жасауға немесе адамның қадір-қасиетіне зиян келтіруге пайдаланылмауы тиіс. Адам құқықтары мен этика қағидаттарына негізделген ЖИ пайдалану бойынша халықаралық стандарттарды әзірлеу қажеттігі де көрсетіледі.
Осылайша, VIII Съездің Декларациясы тек діни көшбасшылардың ғана емес, бүкіл халықаралық қоғамдастықтың назарын маңызды мәселелерге аударып, адамзат бірлігі мен бейбітшілікті нығайтуға бағытталған стратегиялық құжат болады.
Съезд қорытындысы Қазақстан бастамасымен құрылған бұл алаңның әлемдік сенім мен келісімнің символына айналғанын дәлелдейді. Ол елдің сыртқы саясаттағы көпвекторлы бағыты мен ішкі тұрақтылыққа негізделген ұлттық үлгісін әлемге паш етті. Бүгінде съезд тек Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл адамзат үшін ортақ құндылықтарды дәріптейтін халықаралық форум мәртебесіне ие. Сегізінші мәрте бас қосатын діни және рухани көшбасшылар әлемнің әр түкпіріндегі, көршілес мемлекеттердегі, өз елдеріндегі және Қазақстандағы татулық, келісім мен сүйіспеншілік үшін дұға етіп, Құдайдан ізгі тілек тілейтін болады.