Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Меркі ауданына жұмыс сапары аясында қант қызылшасын жинау барысын бақылап, «Меркі қант зауыты» ЖШС-ның тәтті түбірді қабылдау және өңдеу барысымен танысты.

«Smartagro Karkara» ЖШС-ның басшысы Нұргелді Әбжапаров 600 гектар егістік алқабын таныстырды. Биыл шаруа қожалық қант қызылшасын, арпа және бидай еккен. Қазіргі уақытта жаңбырлатып суару технологиясын тиімді қолданып, тәтті түбірден әр гектардан 60 тоннадан өнім алуда. Егін жинау жұмыстарына 73 техника және 25 адам тартылған. Келер жылы жүгері егіп, егістік алқабын әртараптандыруға ниетті. Жаңадан алған техникалары қант қызылшасын жинау жұмыстарын айтарлықтай жеңілдетіп отыр.
Бұдан кейін аймақ басшысы «Жансая» ЖШС-ның 100 гектарға егілген қант қызылшасы алқабын аралады. 2002 жылы құрылған серіктестікте 15 адам еңбек етеді, 28 техникасы бар. Келер жылы егістік алқабына тамшылатып суару технологиясын енгізу жоспарланып отыр.
Ербол Қарашөкеев диқандардың жемісті еңбегіне алғыс білдіріп, мемлекеттік қолдаудың тұрақты түрде жалғасатынын жеткізді.
Іссапар барысында облыс әкімі Меркі қант зауытына да ат басын бұрды. Мұнда өнімді қабылдау және өңдеу барысы, қант құрамын бақылайтын зертхана мен кагаттық алаң жұмысын тексеріп, диқандармен тілдесті.
Зауыт басында кептеліс тудырмау мақсатында әр ауданға шекті лимит белгіленіп, талондар арқылы қабылдау жұмыстары жүргізілуде. Шаруалардың айтуынша, өнімді өткізу барысында еш кедергі жоқ.
Айта кетейік, биыл 5,3 мың гектар алқаптан таза салмақта 250 мың тонна қант қызылшасын алу жоспарлануда. 2025 жылдың 10 қазанынан бастап Меркі қант зауыты тәтті түбірлерді қабылдауды бастады. Қазіргі уақытқа дейін 2,3 мың гектар алқаптан 122,6 мың тонна өнім жиналып, оның 101,1 мың тоннасы кәсіпорынға өткізілді.
Зауыт күнделікті 5 мың тонна қант қызылшасын қабылдап, тәулігіне 2,5 мың тоннадан астам өнім өңдеуде.
Шаруаларға қант қызылшасының келісіне 38 теңге субсидия төленеді: оның 25 теңгесі мемлекет, 13 теңгесі зауыт есебінен беріледі.