Тараз қаласындағы орталық стадион осыдан 89 жыл бұрын ел игілігіне берілген екен. Ал үш жыл бұрын мұнда қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Жаттығу мен жарыс кезінде жергілікті футбол командалары пайдаланатын бұл стадионда ішінара түрлі деңгейдегі мәдени және спорттық шаралар да өтіп тұрады. Десе де, бүгінгі таңда орталық стадионның жай-күйі Қазақстан футбол федерациясы мен Еуропалық футбол қауымдастықтары одағының (УЕФА) талаптарына сәйкес келмейді. Осы себепті келер жылы алаңға реконструкция жұмыстарын жүргізу мақсатында жобалықсметалық құжаттама әзірлеу үшін нысанды облыстық құрылыс басқармасының теңгеріміне беру бойынша ұсыныс-хат жолданыпты. Бұл туралы облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен кезекті рет өткен аппараттық жиында дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ернар Ибраимов мәлімдеді.
Басқосудың күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша облыс әкімінің орынбасары Айжан Есмағанбетова мен «Анаға тағзым» отбасын қолдау орталығының директоры Эльмира Мырза-Ғали баяндама жасады.
Олар өз сөздерінде Д және Е санаттарына жататын дағдарыс пен мүшкіл жағдайдағы отбасыларды, сондай-ақ тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарын анықтап, олардың әлеуметтік мәселелерін уақытылы шешуге бағытталған мобильді топтардың жұмысы тиісті деңгейде ұйымдастырылмағанын атап өтті. Сондай-ақ қиын өмірлік жағдайға тап болған отбасылар туралы сигналдар тұрақты түрде жеткізілмейтінін, 60 мыңнан аса тұрғыны бар кейбір аудандардағы қолдауға мұқтаж азаматтар жөніндегі мәліметтер мүлдем берілмейтіні де белгілі болды.
Бұл мәселе бойынша аудан әкімдерінің есебін тыңдаған Ербол Шырақпайұлы анықталған кемшіліктерді жоюға 1 ай мерзім белгілеп, нақты әрі жүйелі шаралар қабылдауды міндеттеді. Атап өтейік, дәл қазір облыс аумағында 2350-ден астам спорт ғимараты бар. Оның ішінде 1 спорт сарайы, 17 стадион, 63 спорт кешені, 419 футбол алаңы мен 20-дан астам өзге де нысандар бар. Сондайақ 773 спорт зал қарапайым халықтың салауатты өмір салтын ұстануына өз септігін тигізіп отыр. Ал биыл Әулиеата өңірінде 21 спорт нысанының құрылысы қарқынды жүргізілуде. Мұндағы 18 ғимарат бюджет есебінен бой көтерсе, қалған үшеуі демеушілердің көмегімен салынуда. Спикердің айтуынша, қазірге дейін Қордай ауданының Қарасай, Мойынқұм ауданының Айдарлы ауылында және Талас ауданының Бостандық елді мекендерінде 3 спорт кешені қолданысқа берілген. Жыл соңына дейін 7 жобаның құрылыс жұмыстарын аяқтап, пайдалануға беру көзделуде.
– Өткен жылы 15 спорт кешенінің құрылысы жүргізіліп, 9 спорт кешені ашылды. Сонымен қатар демеушілер тарапынан соғылған 3 спорт кешені келушілерге есігін айқара ашты. Сондай-ақ биыл Жақсылық Үшкемпіров атындағы «Тараз-Арена» спорт сарайына 314,5 миллион теңгеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Қазақстан футбол федерациясының «Алаң» жобасы аясында 160 миллион теңгеге спорт сарайының сыртындағы футбол алаңы жаңартылды. Осындай игі істердің арқасында облыста халықтың спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілу деңгейі 70,8 пайызды құрады. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 72 пайызға жеткізу жоспарланып отыр. Аталған көрсеткіш бойынша өзге өңірлермен салыстырғанда облысымыз үздіктер қатарында, – деді Ернар Таласбекұлы.
Естеріңізде болса, Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында барлық ауылдық елді мекенде заманауи кіші футбол алаңшасы болуы қажеттігін атап өтіп, тиісті тапсырма берген болатын. Президент тапсырмасына сәйкес, жауапты басқарма тарапынан зерделеу жұмыстары жүргізіліп, облыстағы заманауи кіші футбол алаңшасы жоқ елді мекендердің тізімі жасақталған екен. Осыған орай басқарма басшысы аудан әкімдерін 2027 жылдың соңына дейін барлық елді мекенді заманауи кіші футбол алаңшасымен қамтамасыз етіп, маңызды тапсырманы орындауда қолдау көрсетуге шақырды. Жалпы, биыл балаларжасөспірімдер дене дайындығы клубын Мойынқұм, Сарысу, Талас және Шу аудандарында ашу жоспарланған. Алайда қазіргі кезде бұл клуб тек Мойынқұм ауданында ғана ашылып отыр. Ал жоспарға сай Жуалы ауданындағы клуб өткен жылы пайдалануға берілуі керек болған.
Өз кезегінде аймақ басшысы Ербол Шырақпайұлы аудан әкімдеріне сын-ескертпелер айтып, олқылықтың орнын толтыру жөнінде тиісті тапсырмалар берді. Өкінішке қарай, биыл Жамбыл, Жуалы мен Меркі аудандарында бұқаралық спортты қаржыландыруға тиісті көлемде қаржы бөлінбеген. Ал Тараз қаласы мен Қордай, Мойынқұм, Шу және Талас аудандарында өсім байқалады.
Осы ретте облыс әкімі бұқаралық спортты дамыту мен насихаттаудың маңызды тетігі спорттық жарыстарды ұйымдастыру екеніне тоқталды. Айта кетейік, екі күннен кейін Жапония астанасы Токио қаласында Сурдлимпиада ойындарының түндігі түрілмек. Бас-аяғы он күнге созылатын осынау додада Мемлекеттік Туды өңір дзюдошылары Анна Краморова мен Айдос Түгелбай алып шығады деп күтілуде. Ал бұл жарысқа облысымыздан 7 спорт түрінен 12 спортшы қатыспақ ниетте.
Есен ӨТЕУЛІ