2025 жылдың 26 қарашасында Достық үйінде «Өзбек мәдени бірлестігінің» ұйымдастыруымен «Мәңгілік – достық» атты этнофестивалі ауқымды түрде өтті. Тарих пен өнер тоғысқан осы ерекше күнде көпшілік назарына «Өзбек этносының бейнелеу және қолданбалы өнері» атты бірегей жеке коллекциялар көрмесі ұсынылды.

Шараға қала тұрғындары мен түрлі этномәдени бірлестіктердің өкілдері жиналып, өзбек халқының мәдениетіне деген қызығушылық пен құрметтің жоғары екенін көрсетті. Көрменің басты мақсаты – халықты өзбек этносының көп қырлы өнерімен, салт-дәстүрімен, тұрмыс-тіршілігімен, ұлттық болмысымен таныстыру болатын.
Көрменің салтанатты ашылу рәсімінде «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Мубарак Жинақбаева мен облыстық «Өзбек ұлттық мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Набижон Салахотдинов сөз сөйлеп, қатысушыларға ізгі тілектерін арнап, көрменің рухани мәніне терең тоқталды.
Экспозицияға ғасырлардан сыр шертетін мыңға жуық бірегей туындылар мен этнографиялық, тұрмыстық және сәндік-қолданбалы бұйымдар, ұлттық киімдер, кітаптар, музыкалық аспаптар, тағамдар, көнеден жеткен жәдігерлер және ауыл шаруашылығы өнімдері қойылған. Сондай-ақ, жиынға қатысушыларды облысқа белгілі өзбек этносының суретшісі Мұратжон Рахымжанұлының фото-картиналарын осы көрмеде тамашалады.
Бұдан өзге іс шарада өзбек этносының «Бесікке салу», «Сүндетке отырғызу», «Келіннің сәлем салуы» секілді әдет-ғұрыптары сахналық көрініс арқылы таныстырылды.
Сондай-ақ, жиын қонақтары үлкен қазанда дайындалған «Достық» палауы мен сумаляк, тандыр нан, кептірілген жемістерден дәм татты.
Бірлестіктің осындай мерекесі халықтар арасындағы өзара сыйластықты, түсіністік пен достықты тереңдете түсері анық.