Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Жұмысшы мамандықтар жылының жабылуына орай өткен «Еңбегім – еліме: адал еңбек, айқын мақсат» атты форумға қатысты.

Аймақ басшысы өз сөзінде ел Президентінің «Заң мен тәртіп», «Халық үніне құлақ асатын мемлекет», «Таза Қазақстан» сынды негізгі қағидаттары Жұмысшы мамандықтар жылы аясында жастарды адал еңбекке, жауапкершілікке және кәсіби біліктілікке баулуға бағытталған нақты бастамалармен жүйелі түрде іске асқанын атап өтті.
– Жұмысшы мамандықтар жылы аяқталғанымен, еңбекке деген құрмет, кәсіби даму мен жастарды қолдау саясаты алдағы уақытта да өз жалғасын табады. Біз сіздердің білікті маман, отаншыл азамат болып қалыптасуларыңыз үшін барлық мүмкіндікті жасаймыз, – деді Ербол Қарашөкеев.
Атаулы жыл аясында өңірде бірқатар маңызды жұмыс атқарылды. Атап айтқанда, жергілікті бюджеттен 223 млн теңге бөлініп, 6 салалық хаб ашылды. «Knauf» ЖШС, «Алина» ЖШС, «Мерагро» ЖШС есебінен 4 колледжге жалпы құны 46 млн теңгенің заманауи құрал-жабдықтары алынды.
Сондай-ақ өңірдегі колледждер, жоғары оқу орындары мен кәсіпорындар арасында 116 ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Бұл түлектердің жұмыспен қамтылу мүмкіндіктерін арттырып, мамандықтар бойынша оқу бағдарламаларын жаңартуға мүмкіндік берді.
Бүгінде облыс халқының саны 1 млн 200 мыңнан асады. Соның ішінде 357 мыңнан астамы – жастар. Яғни, жастар өңір тұрғындарының 29,2 пайызын құрайды. Биыл 24 мыңнан астам жас жұмыспен қамтылып, жаңа мамандықтарды меңгерді.
Жұмысшы мамандықтар жылы аясында өңірде 4 халықаралық, 2 республикалық және 11 облыстық деңгейдегі түрлі іс-шара ұйымдастырылды.
Форум марапаттау рәсімімен жалғасты. Басқосуда «Ең үздік жұмыс берушілер» байқауы аясында «Инновация мен технологиядағы үздік серіктестік», «Үздік стратегиялық серіктестік», «Үздік әлеуметтік серіктестік», «Студенттерді қолдаудағы үздік серіктестік» номинациялары бойынша жеңімпаздар марапатталды.
Сонымен қатар «WorldSkills» чемпионатының алтын медаль иегерлеріне, «Әулиеата үздігі» облыс әкімінің жастар сыйлығы мен «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантының жеңімпаздарына дипломдар, статуэткалар, қаржылай сертификаттар және естелік сыйлықтар табысталды.
Шара соңы концерттік бағдарламаға ұласты.