Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жамбыл облысының жұртшылығымен кездесуде сөйлеген сөзі

0 2

Ардақты ағайын!

Құрметті жамбылдықтар!

Ең алдымен, баршаңызды көргеніме өте ризамын. Мен бүгін Таразға жұмыс сапарымен арнайы келдім. Жалпы, Жамбыл облысының ахуалы әкім Ербол Қарашөкеевтің баяндамасына қарағанда жаман емес. Бірақ облыстың алдында маңызды, өзекті мақсаттар тұр. Бұл мақсаттарды толығымен орындау – әкімнің және бүкіл қызметшілердің ең негізгі міндеті. Облыстың экономикасын күшейту керек. Оған қажетті жағдай да, мүмкіндік те бар. Белсенді жұмыс басталды. Жұмыстың қарқынын бәсеңдетуге болмайды. Тараз – ұлтымыздың асқақ рухы, бай мәдениеті, елдік мұраты және ерлік дәстүрі тоғысқан қала. Бұл – ежелгі өркениеттің ізі қалған жер. Шежірелі шаһардың жұртымыз үшін орны ерекше. Біз Тараздың екі мың жылдық тарихын мақтан етеміз. Әулиеата жерінде мемлекеттігіміздің тұғырын нығайтқан талай тарихи оқиғалар болды. Қазақ хандығы осы аймақта құрылған. Көне қала тоғыз жолдың торабында тұр. Ежелгі Ұлы Жібек жолы қарт Қаратаудың етегін басып өткен. Әйгілі керуен жолы жаңа заманда жаңа қарқынмен дамып келеді. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізі Жамбыл жері арқылы өтіп жатыр. Соның арқасында аймақтың стратегиялық маңызы артуда. Жамбыл облысы күн өткен сайын өркендеп келеді.

Мен жаңа ғана бірнеше нысанды аралап көрдім. Аймақтың даму жоспарымен таныстым. Жалпы, ауқымды жұмыс істеліп жатыр. Бірақ жұмысты белсенді түрде жалғастыру керек. Биыл облысқа 600 миллиард теңгеге жуық инвестиция тартылды. 63 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. 280-нен аса елді мекенге көгілдір отын жеткізілді. Үш жылдың ішінде 13 мыңға жуық оқушыға арналған 37 мектеп салынды. Сондай-ақ 41 денсаулық сақтау нысаны ашылды. Елуден астам спорт және мәдениет орталығы бой көтерді. Басқа да көптеген игі істер жасалып жатыр. Еліміз қуатты болуы үшін ең алдымен, аймақтар қуатты болуға тиіс.

Жаһандағы ахуалды көріп отырсыздар. Заман күрделі, болашақ бұлыңғыр болып барады. Соған қарамастан, еліміз бейтарап ұстаныммен байсалды сыртқы саясатын жүргізіп келеді. Бұл Қазақстанның дамуына қолайлы жағдай жасауда. Елімізде түбегейлі жаңғыртулар жүзеге асырылып жатыр. Конституциялық реформа жасалды. Жалпыхалықтық референдум арқылы Ата заңға аса маңызды түзетулер енгізілді. Парламенттің құзыреті кеңейді, Үкіметтің жауапкершілігі күшейді. Саяси партиялардың рөлі арта түсті. Конституциялық Сот құрылды. Азаматтарымыз стратегиялық маңызы бар шешімдер қабылдауға белсене араласа бастады.

Бір сөзбен айтсақ, Қазақстанда бұрын-соңды болмаған тың өзгерістер жасалды. Ең бастысы, халық реформаның игілігін көріп жатыр, өзгерістің әсерін нақты сезініп отыр.

Баршаңызға мәлім, мен биылғы Жолдауымда Парламенттік реформа жасауды ұсындым. Осыған байланысты көптеген ұсыныс келіп жатыр. Біз оның бәрін мұқият зерделейміз. Бастаманы халық қолдаса, бір палаталы кәсіби Парламентті жасақтаймыз. Осындай қадам мемлекетіміз үшін пайдалы және тиімді боларына күмәнім жоқ. Сонымен қатар қазір экономикамызда түбегейлі өзгерістер жасалуда. Біз ел экономикасының дамуына қосымша серпін беру үшін маңызды жобаларды қолға алдық. Бүгінде сол жұмыстың нәтижесін де көре бастадық. Соңғы бес жылда ұлттық экономика 15,8 пайызға өсті. Биылғы өсім 6 пайыздан асты. Бұл – 2012 жылдан бергі ең жоғары көрсеткіш. Жан басына шаққанда ішкі жалпы өнім 47 пайызға артты. Алтын-валюта резерві және Ұлттық қор активтерінің көлемі рекордтық межеге жетіп, 125 миллиард доллардан асты. Биыл «Достық – Мойынты» теміржолының екінші желісі мерзімінен бұрын іске қосылды. Бұл – Тәуелсіздік кезеңіндегі ең ірі теміржол құрылысы. Бірнеше айда осы жолмен қосымша 6 миллион тонна жүк тасымалданды. Қазір «Мойынты – Қызылжар» бағытында теміржол салынып жатыр.

Облыстардағы іскерлік ахуалды жақсарту үшін «Іскер аймақ» бағдарламасы жүзеге асырылады. Бұл жоба, ең алдымен, ауылдар мен шағын қалаларда кәсіпкерлікті дамытуға арналған. Бизнесі мықты мемлекеттің халқы бақуатты, қоғамы тұрақты болады. Бүгінде шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесі 40 пайызға жақындады. Кәсіпкерлер 4,5 миллионға жуық адамды жұмыспен қамтып отыр. Бұл – еліміздегі еңбекке жарамды азаматтардың жартысына жуығы деген сөз. Өндіріс саласы тың серпінге ие болды. Елімізде белгілі шетелдік және отандық компаниялар ойдағыдай жұмыс істеп жатыр, ірі өндіріс орындары ашылуда. Биылдың өзінде 33 зауыт іске қосылды.

Ауыл шаруашылығындағы жалпы өнім соңғы он жылда 2,5 есе өсті. Диқандарымыз екі жыл қатарынан рекордтық деңгейде мол астық жинап, қамбаны толтырды. Мемлекет шаруаларға қаржылық қолдау көрсетудің оңтайлы жолдарын ұсынып жатыр. Көктемгі егіс және күзгі жиын-терін жұмыстары үшін диқандарға жеңілдікпен несие берілетін болды. Биыл осы мақсатқа 1 триллион теңге қаржы бөлінді. Бұл – осыдан бес жыл бұрынғы жағдаймен салыстырғанда 10 есе артық көрсеткіш. Дегенмен Үкімет ауыл шаруашылығының тиімділігі бойынша белсенді түрде жұмыс істеуі керек, қомақты қаражатты субсидия ретінде беру ең жақсы тәсіл деп айтуға болмайды. Осы аймақтағы көрші елдерде мұндай көмекті ешкім бермейді. Тегін деген ұғым мүлдем жоқ.

Біз өркениетті ел болу үшін нақты шаралар қабылдап жатырмыз. 2019 жылдан бері 1289 жаңа мектеп салынды. Соның 130-дан астамы осы жылы бой көтерді. Білім беру саласына бөлінетін қаражат үш есе көбейді. Ғылымға салынған инвестиция бес жылда 5 есе өсті. Қазақстанда шетелдің 33 университетінің филиалдары ашылды. Жас ғалымдарға баспана беріліп жатыр.

Сондай-ақ ұлт саулығын жақсарту үшін ауқымды жұмыс атқарылды. Азаматтардың орташа өмір сүру ұзақтығы 75,4 жасқа жетті. Мұны рекордтық көрсеткіш деуге болады. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы табысты жүзеге асырылып жатыр. Соның аясында 646 амбулатория және фельдшерлік-акушерлік пункт ашылды. Бұған қоса, 32 аудандық аурухана заман талабына сай көпбейінді орталық аурухана ретінде жаңғыртылып жатыр. Мемлекет ерекше күтімді қажет ететін балалар мәселесіне айрықша мән береді. Кеше мен Астанадағы Инклюзивті спорт орталығында болдым. Сондай орталықтарды еліміз бойынша басқа аймақтарда салу қажет деп санаймын. Үкіметке әкімдермен бірлесіп, бұл мәселені жан-жақты пысықтап, шұғыл шаралар қабылдауды тапсырамын. Шын мәнінде, мұндай нысандардың тек елордада ғана болғаны дұрыс емес, әрбір облыста салу керек. Бұл әкімдердің жұмысындағы олқылық деп айтуға болады. Біз – әлеуметтік мемлекетпіз. Сондықтан әлеуметтік міндеттемелерді орындау әрдайым еліміздің айрықша назарында тұратын мәселе. Биыл зейнетақы және жәрдемақы төлеуге 5,9 триллион теңге бөлінді. Келесі жылы бұл көрсеткіш тағы 10 пайызға өседі.

Қазақстан қауіпсіз ел ретінде қалыптасуда. Қоғамда «Заң мен тәртіп» қағидаты орнығып жатыр. Екі күн бұрын АҚШ Президенті Дональд Трамппен телефон арқылы әңгімелестім, ол да заң мен тәртіп саясатын жүзеге асыруда, қылмысқа, тәртіпсіздікке жол бермейміз деді. Осындай саясаттың нәтижесінде соңғы бес жылда елімізде аса ауыр қылмыстар едәуір азайды. Тұрмыстық зорлық-зомбылық оқиғалары бойынша көрсеткіштер де төмендеді. Қоғамда жанашырлық пен қамқорлықты, тазалық пен жауапкершілікті арқау еткен жаңа мәдениет қалыптасып келеді.

Осы орайда, «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясын айрықша атап өткім келеді. Биыл елімізде 335,6 миллион ағаш егілді. Расында, осы бірегей жоба халықтық сипатқа ие болды, еліміздің болмысын, сана-сезімін өзгертуге зор ықпал етті. Мен өзім осы жалпыұлттық қозғалысқа ерекше мән беріп отырмын. Таза болу дегеніміз, бұл – өте терең, маңызды ұғым. Бұл – ең алдымен, көшелеріміз, үйлеріміз, пәтеріміз таза болуы керек деген сөз. Ниетіміз де әрқашан таза болуы қажет. Кең даламызда жасыл желек, ағаш көп өсуі керек. Түптеп келгенде, тазалық – ұлттық болмысымыздың ажырамас бөлігіне айналуы қажет. Жалпы, осы жыл Қазақстан үшін нағыз өрлеу жылы болды деп айтсақ, артық болмайды. Оқушыларымыз түрлі білім додасынан 1 мыңнан астам медаль алды. Спортшыларымыз ел мерейін өсіріп, көк байрағымызды биікте желбіретті. Өнерлі өрендеріміз төл мәдениетімізді төрге оздырды. Жер жүзі халқымызды рухы биік әрі озық ойлы ұлт ретінде тани бастады.

Қазақстан көршілермен және барлық мүдделес мемлекеттермен дәйекті түрде достық қарым-қатынас пен жан-жақты ынтымақтастық орнатып келеді. Біздің мақсатымыз – айқын. Ол – елдің егемендігін нығайту, Қазақстанның қауіпсіздігі мен әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ететін міндеттерді шешу. Әрбір саммит, жоғары деңгейдегі әр кездесу, бизнес-форум еліміздің халықаралық беделін арттырып, экономикалық әлеуетін күшейтеді.

Қазір бүкіл әлемде инвестиция үшін қызу бәсеке жүріп жатыр. Бізге бұдан қалыс қалуға болуға болмайды. Орталық Азиядағы және Кавказ аймағындағы экономикасы ең ірі ел саналамыз. Алайда Үкіметке сапалы өсімді қамтамасыз ету міндеті жүктелді. Үкімет пен Ұлттық банк өзара келісе отырып, қазіргідей күрделі, тіпті, ерекше жағдайда академиялықтан және әсіресақтықтан ада, нақты шешім қабылдауы қажет.

Тек биылдың өзінде халықаралық кездесулердің нәтижесінде жалпы құны 70 миллиард доллардан асатын коммерциялық келісімдерге қол қойылды. Соның арқасында елімізде заманауи кәсіпорындар ашылып, сапалы жұмыс орындары құрылуда.

«Орталық Азия плюс» форматына сұраныс артып келеді. Биыл аймақ елдері Еуропа Одағымен, Италиямен, Қытаймен, Ресеймен, АҚШ-пен және Жапониямен бірлескен келіссөздер жүргізді.

Аймаққа тартылған инвестицияның 60 пайыздан астамы Қазақстанға тиесілі. Инвестициямен бірге жаңа технология, білім келеді, бірлескен ғылыми-техникалық орталықтар мен шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдары ашылады. Қазақстан тауарлары мен отандық бизнеске кез келген шекара ашық. Сондықтан барша шетелдік серіктестермен өзара тиімді ынтымақтастық құру – заман талабы, тіпті, өмірлік қажеттілік.

Осылайша, Қазақ елі жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басып келеді. Біз осы бағыттан таймай, әлі де көп жұмыс істеуіміз керек.

Мен үш жыл ішінде Қазақстан цифрлық ел болу керек деген мақсатты айқындадым. Жасанды интеллекті мен цифрлық экономика – дамыған елдерге тән басты үрдіс. АҚШ және Қытай – бұл саладағы ең озық елдер. Қазақстан да өркениеттің даңғыл жолынан шет қалмауы керек. Сондай жағдай болса, келер ұрпақ бізді кешірмейтіні сөзсіз. Ондай қателікке жол бермейміз. Жолдауымда мен осы тақырыпқа көп зейін қойдым. Қазіргі таңда Үкімет белсенді жұмысқа кірісті, біраз жоба іске асырылды, бірақ алдымызда ауқымды жұмыс бар.

Алдағы жыл шын мәнінде үлкен бетбұрыс жылы болады. Түбегейлі өзгерістердің жаңа кезеңі басталады. Бұл туралы кейінірек жариялап айтамын. Бәріміздің мақсат-мүддеміз – ортақ. Бұл – Әділетті, Қауіпсіз, Күшті және Таза Қазақстанды құру. Ең бастысы, еліміздің ынтымақ-бірлігі мықты болуы керек. Мемлекет пен қоғам бірлесіп, тығыз байланыста жұмыс істеуі қажет. Бір ел, бір халық болып, жұмыла білсек, міндетті түрде мақсатымызға жетеміз.

Қадірлі қауым!

Мен бүгін Таразда жаңадан ашылған әскери мектеп-интернатқа бардым. Бұл – оңтүстік аймақтарда ашылған осындай алғашқы оқу орны. Мен мектеп-интернатқа осы өлкенің тумасы, әйгілі батырымыз Бауыржан Момышұлының есімін беруді ұсынамын. Осындай Бауыржан мектептері барлық аймақта ашылуы керек. Үкімет бұл мәселені пысықтайды. Біз жас ұрпаққа сапалы білім беріп, оларды отаншылдыққа тәрбиелеуіміз қажет. Кеше Бауыржан Момышұлының туғанына 115 жыл толды. Даңқты қолбасшының нағыз ерлік жолы елімізбен қатар, шетелдерде өте танымал. Халқымыз оны қаһарман тұлға ретінде құрмет тұтады. Бірақ әйгілі батырға ресми түрде «Халық қаһарманы» атағы берілмеген. Облыс жұртшылығы, зиялы қауым өкілдері, тіпті, жастарымыз да осы мәселені көтеріп жүргенін білеміз. Тарихи әділдікті қалпына келтіруіміз керек. Сондықтан мен Мемлекет басшысы ретінде Бауыржан Момышұлына «Халық қаһарманы» атағын беру туралы шешім қабылдадым. Тиісті Жарлыққа бүгін қол қойдым, бұл құжат міндетті түрде жарияланады. Батырдың есімі нағыз отаншылдық пен өшпес ерліктің символы ретінде әрдайым көпке үлгі-өнеге болуға тиіс.

Баукеңнің ерлігі жай аңыз емес, бұл – нақты құжаттармен дәлелденген, Ұлы Отан соғысына қатысқан батырлар мойындаған сөзсіз ерлік. Елге ерлігімен танылған, еңбегі сіңген азаматтарын бағалай білген жұрт ешқашан ұтылмайды.

Өздеріңіз білесіздер, биыл бір ел болып «Жұмысшы мамандықтары жылын» атап өттік. Жыл бойы еңбек адамдарына айрықша құрмет көрсеттік. Осы жақсы дәстүр алдағы уақытта да жалғасын табады. Өз ісіне жауапкершілікпен қарап, қызметін мінсіз атқарған адам қашанда қадірлі болады. Мен мұны үнемі айтып жүрмін. Бұл тұрғыдан алғанда, Жамбыл жұртының ел дамуына қосқан үлесі мол, еңбегі ерен екені белгілі. Әулиеата – нағыз еңбекқор адамдардың мекені. Қазір ортамызда жұмысын адал атқарып, халқымызға аянбай қызмет етіп жүрген азаматтар отыр. Баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін.

Дереккөзі: Akorda.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.