Тараз төрінде Оразгүл Асанғазымен рухани кездесу өтті

0 5

Бүгін Достық үйінде «Отбасындағы үйлесім: әйел даналығы мен жауапкершілігі» тақырыбында мемлекет және қоғам қайраткері Оразгүл Асанғазымен мазмұнды кездесу өтті.

«AMANAT» партиясы облыстық филиалы жанындағы Әйелдер қанатының жетекшісі Айман Әшімова, өкілдері Рахия Тұрмахамбетова, Дамеш Үскімбаева, Жанат Ертаева ұйымдастырған жиынға облыс әкімдігі жанындағы әйелдер және отбасы жөніндегі комиссия хатшысы Зәуре Тұрғынова, Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің мүшелері, «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Мубарак Жинақбаева, ата-аналар комитеттерінің төрағалары, білім саласының өкілдері, көп балалы аналар мен жастар қатысты.
Кездесу Әйелдер қанатының кеңесшісі, модератор Айман Серікқызының отбасы құндылықтарын нығайту, әйелдің қоғамдағы және отбасындағы рөлі, ананың жауапкершілігі мен даналығы турасындағы алғы сөзімен басталды.
Мазмұнды кездесудің басты кейіпкері Оразгүл Асанғазы – мемлекет және қоғам қайраткері, ұлт руханиятының жанашыры, ана тілінің абыройын асқақтатуға, ұлттық тәрбие мен отбасы құндылықтарын сақтауға бар саналы ғұмырын арнаған қайраткер тұлға. Ол – тек лауазым иесі емес, ұлттың сөзін сөйлеген, елдің мұратын биік қойған, ұрпақ болашағына алаңдаған азамат. Қай қызметте жүрсе де, қазақтың тілі мен дәстүрін, ананың мәртебесі мен отбасының қасиетін алдыңғы орынға қойып келеді.
Кездесу барысында оның әрбір сөзі жүректен шығып, тыңдарманның жүрегіне жетті. Ол отбасы – мемлекеттің іргетасы, ал сол іргетастың беріктігі әйелдің парасаты мен сабырына байланысты екенін тебірене жеткізді. «Тәрбиенің тамыры – отбасында» екенін айта отырып, ананың бір ауыз жылы сөзі, даналығы мен жауапкершілігі ұлттың болашағын қалыптастыратынын ерекше атап өтті.
Оразгүл Асанғазының мазмұнды ойлары мен өмірден түйген тұжырымдары қатысушыларға терең ой салып, әр ананың, әр әйелдің жүрегіне жауапкершілік жүгін сезіндіре түсті. Оның сөзі – насихат емес, өмірлік ұстаным; құр үндеу емес, ұлтқа бағытталған аманат іспетті қабылданды.
Сонымен қатар, қоғам қайраткері ұлттық тәрбие, отбасындағы сыйластық пен жауапкершілік, ұлттық құндылықтардың ұрпақ санасына сіңірілуі, отбасы институтын нығайту, ажырасудың алдын алу, ата-ана жауапкершілігін арттыру, қыз тәрбиесі мен ұл тәрбиесінің ерекшеліктерін сақтау, ұлттық дәстүр мен заманауи даму үдерістерін үйлестіру, жастардың бойына отансүйгіштік қасиет дарыту жайында ой-пікірлерімен бөлісті.
Кездесу еркін форматтағы пікір алмасуға ұласып, қатысушылар көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, өз ұсыныстарын білдірді.
Жиын соңында «Қоғамдық келісім» КММ басшы Мубарак Қасымқызы ұлт руханиятының жанашыры Оразгүл Асанғазыға алғысын айтып, арнайы тартуын жасады.
Аталған іс-шара отбасы институтын нығайтуға, әйелдердің қоғамдағы рөлін арттыруға және ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған маңызды алаң болды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.