Жамбыл облысында 9,2 шақырым «Исмаил» каналы жаңғыртылып жатыр

0 3

Жамбыл облысы Жамбыл ауданында ұзындығы 9,2 шақырымды құрайтын «Исмаил» магистральдық каналына реконструкция жұмыстары жүргізілуде.

Жоба биыл қаңтар айында басталған. Қазіргі уақытта 2,5 шақырым учаскеде жаңғырту жұмыстары аяқталған. Жоба аясында канал арнасын бетондау, су шығару тетіктерін орнату, бөгет құрылымдарын жаңарту, нөсерлетіп су ағызу жүйелерін енгізу және гидробекет салу көзделген.

Аталған канал арқылы Аса өзенінен Жамбыл ауданының суармалы алқаптарына су жеткізіледі.

Нысанның су өткізу қуаты секундына 6 текше метрді құрайды. Жаңғырту нәтижесінде 1454 гектар егістік алқапты сумен қамту жақсарып, су шығыны азаяды деп күтілуде.

– Қазіргі таңда нысанда 35 жұмысшы мен 19 техника жұмылдырылған. Құрылыс-монтаж жұмыстары жыл соңына дейін аяқталады деп жоспарланып отыр. Суару маусымы кезінде де жұмыстар тоқтамайды, ал диқандарды сумен қамтамасыз ету үшін уақытша канал салу қолға алынған, – деді мердігер ұйымның өкілі Ерлан Оразбаев.

Айта кетейік, суару маусымына орай 526 шақырым канал тазартылғаны хабарланды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.