Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кадр тапшылығын азайту және техникалық әрі жұмысшы мамандарды даярлау жөніндегі тапсырмасын іске асыру мақсатында Қаратау құрылыс-техникалық колледжінде 2026 жылы бітіруші түлектерді жұмыспен қамтуға бағытталған дәстүрлі «Колледж – түлек – жұмыс беруші» тақырыбындағы -ші жәрмеңке ұйымдастырылды.
Іс-шараның негізгі мақсаты – түлектердің еңбек нарығына бейімделуіне жағдай жасау, жұмыс берушілермен тікелей байланыс орнату және жас мамандарды тұрақты жұмыспен қамту мәселесін шешу болды. Жәрмеңкеге облыс және аудан көлеміндегі 20-дан аса ірі мекеме мен кәсіпорын басшылары, аудандық жұмыспен қамту орталығы, кәсіпкерлік бөлімі, «Жастар ресурстық орталығының» өкілдері және аудан әкімінің орынбасары Дәулет Төленді қатысты.
Жиында колледж директорының оқу-өндірістік ісі жөніндегі орынбасары сөз сөйлеп, өткен жылдары түлектерді жұмыспен қамту бағытында қолдау көрсеткен мекеме басшыларына алғыс білдірді. Оның айтуынша, соңғы жылдары бітірушілердің жұмысқа орналасу көрсеткіші 74–78 пайыз аралығын құрап, өткен жылы 125 түлектің 74 пайызы жұмыспен қамтылған, оның ішінде 38 пайызы өз мамандықтары бойынша тұрақты жұмысқа орналасқан.
Аудан әкімінің орынбасары Дәулет Төленді түлектерді оқуын аяқтауларымен құттықтап, жас мамандарды ұсынылған жұмыс орындарын тиімді пайдаланып, еңбек етіп, аудан экономикасының дамуына үлес қосуға шақырды.
Шара барысында «Игілік» КММ, «Қазфосфат» «Шолақтау» ТКӨК ЖШС, «Talas Investment Company» ЖШС, Талас аудандық мемлекеттік архиві, орталықтандырылған кітапханалар жүйесі, Жастар ресурстық орталығы, «Karatau Chemicals» ЖШС, «KARATAU LIME» ЖШС, «Фортис Констракшн» ЖШС және өзге де ұйым өкілдері түлектерге ваканттық жұмыс орындарын ұсынды.
Сонымен қатар, колледждің ардагер ұстазы Докторбек Манатбекұлы жастар тәжірибесі бағдарламасының маңыздылығына тоқталып, бұл бастама жас мамандарды еңбекке баулуда үлкен мүмкіндік екенін атап өтті. Ал Талас аудандық мансап орталығының маманы Алишер Мұрасқалиұлы «Жастар тәжірибесі», «Қоғамдық жұмыс» және «Күміс жас» жобалары аясында жұмысқа орналасу тетіктерін түсіндіріп, жастардың тұрақты жұмысқа орналасуына қолдау көрсетілетінін жеткізді.
Жәрмеңке қорытындысы бойынша мекемелер тарапынан 150-ге жуық ваканттық жұмыс орны ұсынылып, бірқатар түлектерге жұмысқа орналасуға нақты мүмкіндіктер жасалды. Іс-шара жас мамандардың еңбек нарығына бейімделуіне және өңірдегі кадр тапшылығын азайтуға бағытталған маңызды алаң ретінде бағаланды.