Сөз бостандығы мен жауапкершілік: сайлауалды науқан кезіндегі заң талаптары түсіндірілді

0 42

Сайлауалды науқан кезеңінде журналистердің, белсенділер мен блогерлердің қызметіне қатысты бірқатар сауалдар туындап отыр. Осыған байланысты бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің кәсіби қызметі, фото және бейнетүсірілім жүргізу құқығы, сөз бостандығы мен ақпарат тарату кезіндегі жауапкершілік мәселелері түсіндірілді.

Қазақстан Республикасының «Масс-медиа туралы» Заңына сәйкес журналистер кәсіби қызметі барысында фото, аудио және бейнетүсірілім жүргізуге, сондай-ақ ақпарат таратуға құқылы. Қолданыстағы заңнамада азаматтың келісімінсіз оның бейнесін түсіруге болатын бірқатар жағдай қарастырылған.

Атап айтқанда, адам көпшілік іс-шараларға, соның ішінде мәдени-бұқаралық, спорттық-бұқаралық іс-шараларға, бейбіт жиналыстарға қатысса немесе сол жерде болса, оны келісімінсіз түсіруге болады. Сондай-ақ адамның бейнесі оның қызметтік немесе қоғамдық қызметіне қатысты болған жағдайда немесе ол өз бейнесін ашық қолжетімді дереккөзде өзі жариялаған кезде де түсірілім жасауға мүмкіндік бар. Бұдан бөлек, адамның бейнесін пайдалану қоғамдық тәртіпті қорғау мақсатында қажет болған жағдайда оның келісімі талап етілмейді.

Сайлауалды кезеңде журналистер мен блогерлердің кәсіби қызметіне немесе сөз бостандығына негізсіз шектеу қойылмауы ерекше маңызды. Әлеуметтік желілердегі аккаунттардың бұғатталуына қатысты ақпараттарға байланысты да мәселенің заң аясында қаралуы қажеттігі атап өтілді.

Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұстанымына сәйкес, министрлік әлеуметтік желі қолданушыларының, оның ішінде бұқаралық ақпарат құралдары мен журналистердің аккаунттарын бұғаттамайды. Сөз және пікір білдіру еркіндігін қамтамасыз ету – мемлекеттің негізгі міндеттерінің бірі.

Сонымен қатар сөз бостандығы ақпаратты тарату кезіндегі жауапкершілікпен қатар жүруі тиіс. Заң алдында азаматтардың барлығы тең. Лауазымы, қоғамдық мәртебесі, кәсібі, танымалдығы немесе әлеуметтік желідегі аудиториясының көлемі ешкімге заң талаптарын елемеуге артықшылық бермейді.

Осы тұрғыдан алғанда, «Заң мен тәртіп» қағидатының мәні – азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етумен бірге, әр адамның өз әрекеті үшін жауапкершілігін арттыру. Сөз бостандығы мен жауапкершілік бір-біріне қайшы ұғымдар емес. Керісінше, олардың үйлесуі қоғамдағы сенім мен өзара құрметті нығайтады.

Сондай-ақ журналистер мен блогерлерге таратылатын ақпараттың анықтығын мұқият тексеру қажеттігі ескертілді. Дереккөздерді нақтылау, жалған немесе расталмаған ақпаратты таратпау, сондай-ақ масс-медиа, онлайн-платформалар және сайлау туралы заңнама талаптарын сақтау – ақпарат кеңістігіндегі әр азаматтың жауапкершілігі.

Бұл ретте заңсыз контент пен заңды түрде айтылған пікірдің ара-жігін нақты ажыратудың маңызы зор. Заңға қайшы ақпаратпен күрес сөз бостандығын негізсіз шектеуге әкелмеуі керек. Ал қоғамдық пікірталас нақты деректерге, заң талаптарына, өзара құрмет пен жауапкершілікке негізделуге тиіс.

Қазіргі таңда елімізде жаңа саяси және қоғамдық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған маңызды үдерістер жүріп жатыр. Осы кезеңде «Адал азамат» құндылықтарын дәріптеу, заңды құрметтеу және қоғам алдындағы жауапкершілікті сезіну ерекше маңызға ие.

Журналистер, блогерлер, белсенділер мен барлық әлеуметтік желі қолданушылары заңмен берілген құқықтарын пайдалана отырып, өз міндеттері мен жауапкершілігін де ескергені маңызды. Заң талаптарын сақтау, ақпаратты тексеру және азаматтардың құқықтарын құрметтеу – қауіпсіз әрі әділетті қоғам қалыптастырудың басты шарттарының бірі.

Пікір қалдырыңыз

Your email address will not be published.