«Заң үстемдігі – қоғам тұрақтылығы»: Байзақ ауданында жастар форумы өтті

0 39

12 тамыз – Халықаралық жастар күніне орай Байзақ ауданында «Заң үстемдігі – қоғам тұрақтылығы» атты аудандық жастар форумы өтті.

Форум жұмысына аудан басшылығы, құқық қорғау органдарының өкілдері, сала мамандары, жастар және белсенді азаматтар қатысты.

Жиында алдымен аудан әкімі сөз сөйлеп, жастарды Халықаралық жастар күнімен құттықтады. Аудан әкімі өз сөзінде жастардың білімді, белсенді, елжанды болып қалыптасуының маңыздылығына тоқталып, олардың қоғам өміріне белсенді араласуы ел болашағы үшін маңызды екенін атап өтті.

Сондай-ақ форум аясында жастар саясатының дамуына үлес қосып, қоғамдық жұмыстарға белсенді атсалысып жүрген бірқатар азамат аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Бұдан кейін жастарға құқықтық бағытта маңызды ақпараттар ұсынылды. Байзақ аудандық сотының төрағасы Досжан Төленбеков құқықтық мемлекеттегі азаматтың құқықтары мен міндеттері, заң алдындағы жауапкершілік жөнінде ой бөлісті.

Ал аудан прокуроры Болат Қалыбаев жастар арасында заң талаптарын сақтау мен құқықтық сауаттылықтың маңызына тоқталды.

Байзақ аудандық полиция бөлімінің бастығы Әлімхан Қарымсақов жастар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу, интернет-алаяқтықтан сақтану, есірткі қылмысының қаупі және қоғамдық тәртіпті сақтау бағытында түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Аудандық мәслихат депутаты Гүлбахрам Ермекова да жастарға өз ой-пікірін білдіріп, заңды құрметтеу мен құқықтық сауаттылықтың маңызына тоқталды.

Байзақ аудандық орталық ауруханасының отбасылық денсаулық орталығының меңгерушісі Жәудір Мырзаева салауатты өмір салтын ұстану, зиянды әдеттерден аулақ болу және денсаулыққа жауапкершілікпен қарау жөнінде пайдалы кеңестерін бөлісті.

Сонымен қатар «Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университеті» жастар ісі жөніндегі комитетінің төрағасы Ерасыл Берді жастардың қоғамдық өмірге белсенді араласуы, азаматтық ұстаным мен жауапкершіліктің маңызы туралы пікір білдірді.

Форумның интерактивті бөлігінде жастардың құқықтық білімін тексеруге арналған «Өз құқығыңды біл!» квиз ойыны ұйымдастырылды. Қатысушылар түрлі құқықтық сұрақтарға жауап беріп, өз білімдерін сынап көрді.

Іс-шара соңында қатысушылар естелік суретке түсіп, Халықаралық жастар күнін көтеріңкі көңіл күймен қорытындылады.

Пікір қалдырыңыз

Your email address will not be published.