«Аманат арқалаған жан». Тараз қаласындағы «Баласағұн» ОКЗ-да осындай тақырыпта батыр Бауыржан Момышұлының келіні, жазушы Зейнеп Ахметовамен кездесу өтіп жатыр, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпарат Агенттігі.
Облыстық ішкі саясат басқармасының ұйытқы болуымен өтіп жатқан шарада батырдың келіні әңгімесін қазақ елінің Баукеңе жасап жатқан құрметінен бастады.
— Мені Зейнеп апа, қазақтың келіні атандырып жүрген атамның биік рухы, қасиетті аруағының арқасы. Атаны ардақтаған, құрметтеген осы көне халықтың, қазақ халқының жүрегінен таралып жатқан ұшқындардың маған да кішкене шарапаты тигендігі, — деді батырдың келіні.
Сондай-ақ, кездесу барысында Зейнеп Ахметова ұлттық тәрбие, рухани құндылық, салт-дәстүр туралы кеңінен әңгімеледі. Үш күнге жоспарланған кездесу ертең өңірдегі жоғарғы оқу орындарында жалғасады. Түске дейін Тараз Мемлекеттік Педагогикалық Университетінің, түстен кейін Тараз Инновациялық Гуманитарлық Университетінің жастарымен кездесу ұйымдастырылады.
Зейнеп Ахметова — қазақтың біртуар батыры, екінші Дүниежүзілік соғыстың даңқты жауынгері, әскери қолбасшы, стратег Бауыржан Момышұлының келіні. Қазақы дәстүрлерді насихаттаушы. «Шуақты күндер», «Бабалар аманаты», «Күретамыр» кітаптарының авторы.