Жамбыл облысынан 6 айда 500 тонна ет экспортталған

0 12

Үстіміздегі жылдың алты айында Жамбыл облысынан 500 тонна ет экспортталған. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда бірнеше есеге артық, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.

2018 жылы республика бойынша экспортталған қой етінің 43 пайызы Жамбыл  облысына тиесілі болған. Ал биылғы алты айдың ішінде өңірден экспортқа шығарылған еттің көлемі республикалық көрсеткіштің  30 пайызын құрап отыр.

Облыстық ауылшаруашылығы басқармасының берген мәліметінше биыл  аймақтан 1500 тонна сиыр, 2000  тонна қой етін экспорттау жоспарлануда. Жыл басынан бері  ауылшаруашылық тауарөндірушілер 834,4  тонна сиыр етін дайындаған.  Бұл белгіленген жоспардың 55,6 пайызын құрайды.

Айта кету керек, өңірде жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыс пен қосалқы шаруашылықтардың кооперативтерге бірігуінің нәтижесінде мал шаруашылығымен айналысушылардың қатары да артып келеді. Мәселен бірінші жарты жылдықта Жамбыл ауданындағы кәсіпкерлер 255,9 тонна  сиыр  етін сатылымға шығарған.  Сондай -ақ алты айдың ішінде ауданнан 2230 бас ұсақ мал ет комбинаттарына жіберіліпті.

Бүгінде нарықта сиыр және қой етіне деген сұраныс жоғары. Сапалы өнімді шетелдерге экспортқа шығарушылардың да саны көбейген. Басқарманың мәліметіне сүйенсек ұсақ мал еті Меркі ауданынан  Бахрейн мен Иран мемлекетіне  тасмалданған. Алты ай мерзімі аралығында «Меркі ет комбинаты», «BN Group» ЖШС мен жеке тұлғалар 378,2 тонна қой етін дайындаған.

Ет экспортында шетелдіктермен тығыз жұмыс істеп, сапалы өнім көлемін арттырып келе жатқан кәсіпорындардың қатарында  «Меркі ет комбинаты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бар. Күніне 200  ірі қара мен 1000 бас қой союға мүмкіндігі бар комбинат  бірнеше жыл бұрын жаңғыртудан өткен еді. Мұнда халал стандарты бойынша  шикізаттан бөлек  шұжық, бұқтырылған ет өнімдері де дайындалып, тұтынушыларға ұсынылады.

-Бастапқыда дайын өнімімізді келісім шарт бойынша Бахрейнге тасмалдадық. Кейін Иран мемлекетімен келісім жүргіздік. Бастапқыда  қойылған талаптарды қадағалау үшін сатып алушылардан арнайы өкіл осындағы жұмыстардың барлығын келіп көрді. Қазір табысты жұмыс істеп келеміз. Тапсырыс артып отыр. Мемлекеттен де қолдау жеткілікті. Тек мал аз болатын. Белгілі жоспарға сәйкес  аудандар да ірі қара мен ұсақ малдарын бізге тапсыруда. Бұл комбинаттың үздіксіз жұмыс істеуіне өз септігін тигізуде,- дейді комбинат директорының орынбасары.

Leave A Reply

Your email address will not be published.