Шу ауданының әкімі Жарылқасын Айтақов Иордания елінде өткен Азия біріншілігінің күміс жүлде иегері Нұрасыл Қуандықты қабылдады, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Аудан әкімі жеңімпазды байрақты бәсекеде қол жеткізген үлкен жетістігімен құттықтап, тұтас елдің намысын абыроймен қорғап қайтқаны үшін өз ризашылығын білдірді.
Өз кезегінде аудан басшысы талантты таэквондошы Нұрасыл Қуандыққа аудан әкімінің Алғыс хатын, оның жаттықтырушысы Марат Тілеуқұловқа арнайы сый-сияпатын табыс етті.
–Еліміз егемендікке қол жеткізген кезден бастап спорт саласы ерекше қарқын алды. Өзің сияқты жас спортшылар әлемдік аренада үлкен белестерді бағындырып, көк туымызды көкте желбіретіп жүр. Әрине, спорт – үлкен қажырлылық пен шыдамдылықты талап ететін сала. Сондықтан, бүгінгі бағытыңнан таймай, алдағы уақытта үлкен шыңдарды бағындыруыңа тілектеспін,- деді аудан әкімі.
Өз кезегінде аудан спортшыларының атынан №30 БЖСМ директоры С.А.Абдуманапов аудан басшысына көрсеткен қолдауы үшін алғысын білдіріп, алдағы уақытта да шулық спортшылар өз жеңістерімен қуанта беретіндігін айтты.
Айта кетейік, Иордания елінде аудан намысын қорғаған Нұрасыл өзінің алғашқы кездесуінде арабиялық қарсыласынан басым түсіп, одан кейін ирандық және иорданиялық спортшылардан айласын асырып, ақтық сынға жолдама алған. Ал, ақтық сында Корея мемлекетінің спортшысына есе жіберіп, екінші орынды місе тұтты. Жеңіспен елге оралған Нұрасыл Қуандықты алғашқы ұстазы Марат Тілеуқұлов бастаған шулық спортшылар үлкен құрметпен күтіп алды. Алғашқы ұстазы деп екпін түсіруіміздің де өзіндік себебі бар. Өйткені, Шу аудандық таэквондо федерациясының президенті, белгілі жаттықтырушы Марат Тілеуқұлов Нұрасылды 8 жасынан бастап спортқа баулып, 5 жыл бойы шәкіртіне таэквондоның қыр-сырын үйреткен. Ол былтырғы оқу жылынан бастап облыс орталығындағы спортқа дарынды балаларға арналған мамандандырылған облыстық мектеп-интернатында тәрбиеленуде.
Сонымен қатар, Нұрасыл Қуандық үстіміздегі жылдың наурыз айында таэквондодан Өскемен қаласында өткен кадеттер арасындағы Қазақстан біріншілігінде жеңімпаз атанған болатын. 65 келі салмақта өнер көрсеткен Нұрасыл аталған жарыста бес бірдей қарсыласын жеңіп, ел чемпионы атанған. Оған қоса, үстіміздегі жылдың сәуір айында ғана Украина мемлекетіндегі халықаралық жарыста алтыннан алқа тақса, Біріккен Араб Әмірлігінде өткен халықаралық «Fujairah open» жарысында да алтыннан алқа тағып, абыроймен оралған еді. Сонымен қатар, өткен айда ғана Австрия елінен жүлделі екінші орынды еншілеген болатын. Аталған жетістіктерінен бөлек, Нұрасыл 10-11 жастағы спортшылар арасында екі мәрте Қазақстан чемпионы атанып, ұлттық құрама сапына алынды. Осы жетістіктерінің арқасында енді, міне, Иорданияда өткен Азия чемпионатына жолдама алып, байрақты бәсекеде ел намысын абыроймен қорғап қайтты.
Айта кету керек, Шу ауданының орталығында орналасқан Төле би ауылындағы Сәду Шәкіров атындағы мектеп дарынды таэквондошылардың шеберханасы іспетті. Дәл осы мектепте оқыған Меруерт Әшірбекова таэквондодан үш мәрте Қазақстан чемпионы атанған. Кеше ғана жеңімпаз атанып келген Нұрасыл Қуандық та осы мектептен түлеп ұшқан. Еліміздің біртуар азаматы Қайрат Рысқұлбеков те аталмыш мектептен білім алған. Нұрасыл Қуандықтың алдында тұрған ендігі меже – Ташкентте өтетін Әлем біріншілігінде топ жару болып тұр.