Байзақ ауданының тұрғыны Бауыржан Дүйсенбаев 3,5 соттық жерге ресей технологиясы бойынша жылыжай салуда. Болашақта бұл кешенде құлпынай өсірілмекші, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Байзақ ауданы Қызыл жұлдыз ауылының тұрғыны Бауыржан Дүйсенбаев көкөніс өсіруді бұрынан кәсіп еткен. Осыған дейін шағын ауласына қияр, қызанақ, болгар бұрышы мен дәмдеуіш шөптердің сан түрін еккен. Бүгінде ол ауласындағы 3,5 сотық жерге жылыжай салуда. Құрылыс жұмыстарына бүгінгі күнге дейін 5 миллион теңге қаржы жұмсапты. Ресей технологиясы бойынша салынып жатқан жылыжайдың құрал – жабдықтары Алматы қаласынан жеткізілген.
—«Құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқаныма үш ай болды. Мұнда құлпынай өсіруді қолға алмақпын. Жақында құрылыс жұмысын толық аяқтап, құлпынай көшеттерін отырғызуды бастамақпын. Биыл оның тамыр байлауына көңіл бөлемін. Ал, келесі жылдан бастап өнім алуды жоспарлаудамын. Жылыжайға жұмсаған қаражатты бір маусымда – ақ жабамын деген ойдамын. Одан кейінгі жылдарда таза табыспен жұмыс істейтін боламыз», — дейді ол.
Бауыржан бұл кәсіпті жолдастарынан үйреніп, қолға алыпты. Бірақ мұның жылыжайы оларға қарағанда қарапайым. Көп құралдарын өз қолымен жасауда. “Әр істің берекесі болады, үкіметтің қолдауымен елімізде кәсіпкерлік саланы дамытқанымыз жөн”, — дейді кәсіпкер.
Дәл осыған ұқсас жылыжайды Қаратөбе ауылдық округіне қарасты Бектөбе ауылындағы «Азамат» шаруа қожалығы да салған болатын.
2013 жылы ашылған кешен құрылысына 157 289 мың теңге жұмсалған. Оның 137 289 мың теңгесі «ҚазАгроҚаржы» АҚ Жамбыл филиалынан алынса, 20 000 мың теңге – қожалықтың өз қаражаты.
-Өңірде жылыжаймен айналысушылардың қатары артып келеді. Көкөністің көп болуы бағаның тұрақты болуына да ықпалын тигізеді. Әсіресе көктем мен қыс мезгілдерінде қияр мен қызанақтың бағасы шарықтайды. Сондықтан біз жылыжаймен айналысушы шаруаларға кесте әзірлеп дақылдарын сол кестеге сай егуін қадағалаймыз,-дейді облыстық ауылшаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары .
1 гектар аумақта орналасқан жылыжай жылына 400 тонна өнім алуға негізделген. Осы мақсатта еңбектеніп келе жатқан шаруашылық өткен жылы 356,3 тонна қияр жинаған. Бүгінгі таңда мұнда 20 адам тұрақты қызмет етеді.